Жамбыл облысының мектеп оқушылары Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі өткізген «Балалар мен жасөспірімдерді құқықтық тәрбиелеу» атты бірыңғай сабаққа қатысты. 100-ден астам мектеп, яғни 5000-ға жуық оқушы адам құқықтары бойынша онлайн дәрістер тыңдады.
Сондай-ақ іс-шараға Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының бас маманы, Тараз қалалық ІІБ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары атсалысты.
Онлайн отырыс барысында кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтың, өскелең ұрпақтың бұзақылығы мен аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алу тақырыптары талқыланды.
Кездесуге қатысушылар көтерілген тақырыптарға үлкен қызығушылық танытып, баяндамашыларды мұқият тыңдап қана қоймай, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Айта кету керек, бұған дейін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың бастамасымен еліміздің 7 өңірін қамтитын ауқымды жалпы білім беретін «Құқықтық сағат» өткен болатын. Бұл шараға барлығы 20 мыңнан астам адам қатысты.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл