Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың Жуалы ауданындағы жұмыс сапары Шақпақ ауылдық округіндегі «ШақпақДорСервис» ЖШС-нің «Битум» зауытымен түйінделді.
Жоба құны 161,0 миллион теңге болатын зауыт жылына 17,5 мың тонна битум шығарады деп жоспарлануда. Онда барлығы 27 адам жұмыс жасауда.
Бүгінде зауыттың құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Ағымдағы жылдың маусым айында толығымен іске қосылады деп күтілуде. Серіктестік директоры Мұхтар Мамбеталиев өңір басшысына бірқатар өтініштерін жеткізді. Ол зауытқа газ тарту, маңындағы жол тұйығын қалпына келтіріп беруді және қосымша қаржылай қолдау керектігін айтты. Асқар Исабекұлы аталған өтініштер қараусыз қалмайтынын, мүмкіндігінше қажетті жұмыстар жасалатынын жеткізді.
Осылайша аймақ басшысының Жуалы ауданындағы жұмыс сапары қорытындыланды. Бір күндік жұмыс сапары барысында ауданның басты бағыттары – экономикалық және әлеуметтік салалардағы жұмыстар сараланып, бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Ақпарат Біржан Сартбек фейсбук аккаунтынан алынды.