Бүгін «Баласағұн» орталық концерт залында облыс әкімі Асқар Мырзахметов халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздарымен кездесті.
Іс-шараға барлығы 108 дарынды оқушылар және мектеп басшылары қатысты.
2017-2018 оқу жылында облыс бойынша халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарға қатысқан 257 оқушының 142-і (55,2%) жеңімпаз атанды. Оның 37-сі – Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардан, 63-і – Республикалық, Президенттік олимпиадалардан, 20-сы – Республикалық ғылыми жобалар жарыстарынан және 22-і – Республикалық 2-7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» ғылыми жобалар жарысынан жеңіспен оралған дарынды оқушылар.
Республикалық пәндер олимпиадасының (7 жыл қатарынан) және ғылыми жобалар жарысының (6 жыл қатарынан) қорытындысы бойынша облыс командасы командалық І-ші орынды иеленіп, «Ең үздік команда» атанды.
Еркін форматта өткен кездесу барысында дарынды оқушылар өңір басшысына сан түрлі сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жиын соңында облыс әкімі А.Мырзахметов дарынды жастарға алғыс жариялап, ноутбуктар тапсырды.