«Нұр Отан» халықтық партия болған соң,қарапайым елдің мұң-тұқтажына барынша көңіл бөліп,оның шешілуіне ықпал етіп отырғаны ләзім. Бұл туралы облыс әкімі, партия облыстық филиалы төрағасы Асқар Мырзахметов филиал аппаратының қызметкерлерімен кездесуде баса айтты.
Кездесуде партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлармен таныстырып, Орталық аппараттан бекітілген жоспарды жүзеге асырылу барысы жайына тоқталды.Бүгінде партияның облыстық филиалына қарасты 69120 мүшесі бар болса, оның 56,5 пайызы мемлекеттік мекемеде еңбек ететін қызметкерлер екен. Асқар Мырзахметов партияның халықтық сипатын арттыра түсу керектігін тілге тиек етті.
— «Нұр Отан» партиясы — халықтың және нақты істердің партиясы.Ендеше партияның облыс филиалының жұмысы да сол бағытта өрбуі керек.Ол үшін тек жобалар бойынша атқарылған шаруалар емес, істің кемшін тұстары да нақты айтылып отырғаны жөн.Құрғақ статистика, жалпылама деректі бере бермей, олардың ар жағында не тұрғанын ашайық.Әр тоқсан сайын партияның облысымыздағы аудандық филиалдар есептерін саралап, орындалмаған жұмыстар мен оның себептерін қарастырайық .Бұл алдағы уақытта ескерілетін болсын деді.
Биліктегі партия болған соң, «Нұр Отанға» үлкен үмітпен жүгінетіндер көп.Біз осы қабылдауларда айтылған арыз-шағымдарды сала бойынша талдаумен шектелмей, олардың мәселелерінің нақты шешілуіне атсалысып,бағыт-бағдар беріп, соңына дейін бақылауда ұстауымыз керек. Мәселенің түп-төркініне жіті үңіліп,белгілі бір өтініш қандай себеппен түсті, бұл қандай орган жұмысының кемшілігі дегенді анықтап, соған сай халықтың мәселесін нақты шешудің тетіктерін іске асыруымыз қажет.Сонда ғана біз біріншіден, нақты істерді сөз ете отырып, уақытты үнемдейміз,екіншіден, партияның халыққа жақындығы мен тартымдылығы да артады, — деді А.Мырзахметов.
Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы өңірдегі мәселелерді анықтауда қоғамдық қабылдаулармен шектелмей, түрлі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желелердегі сын-ескертпелерді назарға алып отырудың тиімділігін жеткізді.