Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық бақылауды дамыту бойынша семинар-тренинг бейсенбі күні қорытындыланды. Бұл күні де блогер-тренер Нұрлан Жаңай әлеуметтік желіндегі жеке парақшаға қойылатын фотоларды дұрыс қою қажеттігі туралы тәжірибелерімен бөлісті. Ол өз сөзінде жеке парақшаға қойылатын басты фотода адамның бет әлпеті толық көрінуі қажеттігін тілге тиек етіп, алыстан алынған суреттер дұрыс емес екендігін жеткізді.
– Жеке парақшаны жүргізуде адамның басты фотосы үлкен маңызға ие. Себебі оның парақшасына кірген адам тұлғаны тани білуі қажет. Сондай-ақ парақшалардағы мәліметтерді көп жазудың де керектігі шамалы. Мәселен, кейбіреулердің парақшаларына кірсең резюме секілді көрінеді. Ол жерге толық қысқаша ғана жазылса жеткілікті. Сосын «instagram әлеуметтік желісінде жеке парақша ашқанда «ов», «ев», «ова», «ева» деп жазбаған жөн. Осы әлеуметтік желілер арқылы осындай тіркестерден бас тартуымыз керек
,– деген Н.Жанай жеке парақшаны ашу жолдарындағы басқа да ескеру керек жайттарға кеңінен тоқталды. Бұдан өзге тренер-блогер қатысушылардың пікірлерін тыңдап, ұсыныстарын тыңдады.
Осы күні шараға ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев келіп, жастармен жүздесті. Департамент басшысы жастармен кездесуінде облыста атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, ауқымды жұмыстарды іске асырда әлеуметтік желінің маңыздылығына тоқталды.
Осылайша, ол жастардың әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану білу керектігін айта келе, кез келген тұлғаның қойған сұрағына жеке өзі жауап беретінін жеткізді.
Мұнан соң семинар-тренинг жұмысы қорытындыланып, қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сертификаттар табыс етілді. Өз кезегінде, әр ауданнан келген қатысушылар шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, алған әсерлерімен бөлісті.