Өңірімізге Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған жұмысшы топ арнайы іссапармен келді. Аймақтағы түрлі нысандарды аралау барысында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер, және құжаттама басқармысының облыстық халық шығармашылығы мекемесіне қарасты Руханият орталығына бас сұққан делегация мәдени нысанның тыныс-тіршілігіне куә болып, көрме залдарымен танысты. Қазаққа белгілі Жамбыл Жабаев пен Кенен Әзірбаев сынды тұлғалардың музейдегі еңбектерін тамашалау барысында Жансейіт мырза дара ақын Сүйінбай Аронұлына Түркия астанасы Анкара қаласында Тәуелсіздіктің 25-жылдығы қарсаңында ескерткіш қойылғанын тілге тиек етті. Жұмысшы топ Руханият орталығының «Жыр алыбы — Ұлы Жамбыл», «Ұлы Дала тарихы», «Дала дарабоздары» залдарымен, ондағы Ықылас Дүкенұлының түпнұсқадағы қобызы сынды экспонаттарын көрді. ОҚО облысы әкімін орталыққа арнайы бастап келген өңір басшысы Кәрім Нәсбекұлы орталықтың ашылу тарихын, жұмыс жасау бағытын қонақтарға айтып берді. Дәстүр бойынша Жансейіт Түймебаев Руханият орталығының тілек кітапшасына: «Атақты Жамбыл атамыздың атындағы Руханият орталығының тек облыстық ғана емес, республикамыздың рухани өміріне қосар үлесі мол. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» жолдауымен үндес орталыққа мол да ерен табыс тілеймін» деп лебізін жазды.
АРАЙЛЫ ЖАҚСЫЛЫҚ