Мекеме жұмысының негізгі бағыты – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз етуде этномәдени бірлестіктер және азаматтық қоғамның басқа да институттарын белсенділікке тарту. Жалпы Әулиеата өңіріндегі этносаралық қатынастардың ерекшелігі — аймақта 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері қоныстанған. Өңірлік Ассамблея жанында 75 этномәдени бірлестік бар. Оның ішінде 40 этномәдени бірлестік жұмыс істеп жатыр. Қалған 35-і – аудандардағы өкілдіктері.
Мекеме қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, мемлекеттік ұлттық бірегейлікті нығайту мақсатындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын, Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасын басшылыққа алады.
Өткен жылы қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайту мақсатында 1 075 іс-шара өткізіліп, оған 76 927 мақсатты аудитория қамтылған. Оның ішінде этномәдени бірлестіктер тарапынан 52 830 адамды қамтыған 791 іс-шара ұйымдастырылыпты.
– Этномәдени бірлестіктердің «Рождество», «Ханука», өзбек этносы мен мәдениетінің күні сияқты мерекелері аталып өтті. «Жамбыл облыстық гректер қоғамы» этномәдени бірлестігінің «Infinity» грек би ансамблі «Step to the stars» халықаралық конкурсында бірнеше аталымдар бойынша жүлделі орындарға ие болды. Алғыс айту күніне орай «Алғысым шексіз еліме» іс-шарасы «ZOOM» платформасымен қосылу арқылы «Бірлік даму үшін» республикалық телекөпірге этномәдени бірлестіктердің қатысуымен басталды.
Достық үйінде тақырыптық 6 алаңша құрылды: «Қоржын» акциясы, «Ғажайып киіз үй» жылжымалы оқу-демонстрациялық тақтасы, білім, спорт, мәдениет, туризм, кәсіпкерлік саласы мамандары және жастардың қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізілді. Шымкент қаласында «Great Qasaq Games» атты ауқымды республикалық этнофестиваліне Жамбыл облысы делегациясы құрамында өңірлік ҚХА өкілі, Жамбыл облысының «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Кәбиқызы қатысып, ең «Үздік киіз үй» аталымында жеңімпаз ретінде танылды. Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық дөңгелек үстел отырысында этномәдени бірлестіктер «Тіл бірлігі» көрмесін, «Ғажайып киіз үй», ҚХА жастарының «Бірлік тілі», «Тіл мектебі» жобаларын ұсынды. Жеңіс күні ҚХА мүшесі Р.Исмазовтың «Ордабасы» Ұлттық командалық ойыны бойынша халықаралық турнирге қонақ ретінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» медалімен марапатталған Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шаңбаев шақырылды. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктер арасында футболдан турнир ұйымдастырылды.
26 мамыр күні Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Марат Әзілхановтың төрағалығымен жалпыұлттық бірлікті және қоғамдық келісімді нығайту саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру сұрақтары бойынша жиынға облыстық ҚХА мен этномәдени бірлестіктер, Жамбыл облысының ішкі саясат басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ өкілдерінен 30-ға жуық адам ZOOM арқылы қатысты. 8 маусымда Жамбыл облысы ҚХА этномәдени бірлестіктері және құрылымдарының, оның ішінде Журналистер клубының мүшелерінің қатысуымен этносаралық шиеленіске әкеп соқтыратын этникалық және тілдік белгілері бойынша жиналыс өтті. Ксенофобия мен кемсітушіліктің, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу мен өңір азаматтарының құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету бойынша өткен шара семинар және кеңес сипатында өткізілді. Шараға Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы, облыстық прокуратура, полиция өңірлік коммуникациялар қызметі және өзге де салалардың белгілі өкілдері қатысты. «Бір ел» жобасы аясында «Қарасу» шағынауданында ұйғыр этносының 1 000 адамды қамтыған мерекелік шарасы, Қордай ауданында дүнгендердің қазақ жеріне қоныс аударуының 145 жылдығы республикалық көлемде аталып өтті. Мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күніне орайластырылған «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» атты драма үйірмелері фестивалінде «Қоғамдық келісім» КММ этностар жастарынан құралған «Достық» театры жүлделі І орынды иеленді. Жазушының «Интернаттың наны» шығармасынан қойылым мемлекеттік тілде сахналанды. Жастар театрының мүшелері Галиев Ильяс «Үздік образ», Баратов Ратмир «Үздік актер» номинацияларын иемденді. Қыркүйек айының 20-22 күндері аралығында Алматы облысы Ұйғыр ауданында өткен республикалық зияткерлік ойынында «Қоғамдық келісім» КММ-нен «Taraz United» командасы алғаш рет қатысып, финалға дейін жетті. Алматы қаласы, Жетісу, Алматы облысының 3 жыл ойнаған тәжірибелі және 2022 жылы чемпион болған командаларымен бақ сынасып, жүлделі орын иеленді, – дейді Мүбарак Қасымқызы.
Ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған жамбылдық жобалардың бірі – «Бейбітшілік пен келісім». Оның аясында соңғы жылдар ішінде ынтымақ пен татулықтың тұғырын бекітуді мақсат еткен жүздеген шаралар іске асырылуда. Мәселен, өткен жылы жоба аясында Меркі ауданында Андас батыр, Ойтал ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, ҚХА-ның ХХХІІ сессиясында берілген Президент тапсырмаларын көпшілікке жеткізді. Байзақ ауданы Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің қатысуымен 2023 жылдың 15-30 мамырында аудандық білім, ішкі саясат бөлімдерімен бірлескен Байзақ аудандық білім бөліміне қарасты Дихан тірек мектебі, Көктал, Ы.Алтынсарин, Мырзатай, Жамбыл, Н.Гоголь, Н.Киікбаев, Ғ.Мұратбаев, Сарыкемер мектеп-гимназиясында және №4 мектеп-лицейінде, №3 Байзақ колледжінде жастармен кездесулер өтті. Этнос өкілдері тығыз шоғырланған Бурыл, Қостөбе, Қызыл жұлдыз ауылдық округтерінде кеңес мүшелері ауылдық округ әкімі аппаратындағы әскери есеп жүргізуші мамандармен тығыз жұмыс атқарып, этнос өкілдерін ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери қызметке тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына көмек береді. 13-14 сәуірінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жоба шеңберінде этнос өкілдері тығыз орналасқан елді мекен тұрғындарына, ерікті көшу мүмкіндіктері туралы, оның ішінде қоныс аударушылар үшін көзделген мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар ету мақсатында №1 мектеп-гимназиясы, Қостөбе, Н.Гоголь, Бурыл орта мектептерінің жоғары сынып оқушыларымен кездесулерге қатысты.
– Сонымен қатар Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылдық округінде этнос өкілдері жастар арасында әскерге шақырушылар, болашақ сарбаздарды әскерге тарту бойынша «Әскери міндет – парызың» атты жастармен кездесу, Гродеково орта мектебінде «Құқық бұзушылық және жасөспірім» атты конференция, «Оқушы балалар арасындағы қылмыстық іс-әрекеттерді болдырмау және алдын алу» тақырыбында жоғары сыныптың ер балаларымен кездесу, ерте жүктіліктің алдын бойынша Гродеково орта мектебінің жоғары сынып оқушыларының арасында «Біз өз әрекеттеріміз үшін жауаптымыз» тақырыбында сауалнама ұйымдастырылды. «Дәстүрлі емес діни ағымдардан қалай сақтанамыз?» тақырыбында Бесағаш ауылдық округінде мектеп оқушыларымен кездесу өтті. Ал Шу ауданында тұрмыстық жанжалдарды профилактикалауға, оларды шешуге, сондай-ақ оларды жанжалдан кейінгі реттеуге жәрдемдесу мақсатында құрылған «Бастау» ресурстық тобына Ақсақалдар кеңесі енгізіліп, әр округте жастармен бірге жұмыс істейді. Шу, Қордай, Меркі, Жуалы және Жамбыл аудандарындағы Ақсақалдар кеңесінің «Туған жерім – тамырым» тарихи орындарға жастармен бірге сапарлауы, Абай оқуларын, қөлөнер шеберлік сағаттарын ұйымдастыруы сияқты іс-тәжірибелерін ерекше атап өтуге болады. Қараша айында «Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі» атты облыстық кеңейтілген отырыста облыстық этносаралық қарым-қатынас пен жастар тәрбиесіне байланысты мәселелерді бірге шешу мақсатында Ардагерлер кеңесімен меморандум жасалды. Отбасы мәселелері бойынша Әкелер одағымен меморандум жасау жөнінде уағдаласты. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Сейілханов республикалық Ақсақалдар кеңесінің отырысында баяндама жасап, өңірлік кеңес мүшелерінің ұсынымдарын жеткізді, – дейді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы.
Медиация тетігін дамытуда да Қазақстан халқы Ассамблеясына маңызды рөл берілген. ҚХА қызметінің негізінде жатқан қоғамдық келісімді қамтамасыз ету медиация міндеттерімен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда жалпы адам өмірінің түрлі салаларындағы даулардың барлық түрін бейбіт жолмен реттеу тәсілі ретінде медиацияның көмегін насихаттау, Қазақстанда бұл рәсімді ілгерілету, дамыту – басым бағыт.
Бұл ретте «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинеті медиация институтын дамыту бойынша жұмысты жүйелі жалғастыруда. Сондай-ақ құрылған 25 алаңда ҚХА медиаторлары халыққа практикалық және медиативтік көмек көрсете отырып, халықпен құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Атап айтар болсақ, 2023 жылы ҚХА медиаторларына 1 076 азамат жүгініп, 667 жанжал мен даулы жағдай шешілген. Оның ішінде 190 отбасы-тұрмыстық, 23 мектепке қатысты, 66 қылмыстық, 291 азаматтық, 27 еңбек қатынастарына қатысты және 70 әкімшілік дау-жанжал бейбіт жолмен шешілген.
Медиация институтын насихаттау мақсатында медиация кабинеті 1 882 шараны қамтып, 31 шара өткізген. Оның ішінде медиация институтын ілгерілету жөніндегі – 20, консультативтік-әдістемелік жұмыс бойынша – 11 жиын бар. Аталған бағыттағы медиация кабинетінің 2023 жылға татуластыру рәсімдерін насихаттау бойынша жүргізген жұмысының нәтижесінде шешілген қақтығыстар мен даулы жағдайлар 2022 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға өскен. Бұл медиация арқылы дауларды шешудің оң динамикасын көрсетеді.