«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылау және мониторингтеу мақсатында Жамбыл облыс деңгейде жаңадан 10, аудандарда 7 қоғамдық кеңестер құрылған болатын. Бүгінгі күнде барлық облыстық кеңестің отырыстары өткізіліп, онда тиісті жергілікті атқарушы органдардың жол картасының орындалу барысы туралы есепттері тыңдалды, тиісті ұсынымдар қабылданды.
Алайда, жүргізілген талдау нәтижелері партияның бас құжаты қабылданғалы жарты жылға жуық уақыт өтсе де, бірқатар аудандық филиал жанындағы кеңестердің жұмыстарында кемшіліктер барын көрсетті. Кеңес отырыстары ережеге сай тоқсанына 1 рет өтуі керек болса, жыл басынан бері (5 айда) Меркіде 1, Сарысуда 2, Таласта 3 ғана кеңес отырысы өткен. Байзақ ауданында барлық кеңестер өткізілгенімен, әлеуметтік желілерде жарияланбаған.
Кеңес отырыстарында проблемалық мәселелер, оның ішінде жол картасында орындалмау қаупі бар көрсеткіштер кеңінен талқылана отырып, шешу жолдары қарастырылуы тиіс. Дегенмен, аудандардың басым бөлігінде кеңестер формальды өтуде. Айталық, Байзақ, Жуалы, Сарысу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Қордай аудандарында тек кеңестің өткені туралы хаттама жазылған, тиісті мекемелерге ұсынымдар мен нақты тапсырмалар берілмеген.