Облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық салаларды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті мәжілісінде «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы» мәселесі талқыланды.
Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың депутаттары, Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды – инновациялық дамыту басқармасы, Жамбыл облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалы басшылары, Байзақ, Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Талас және Шу ауданы әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімдіктерінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімдерінің басшылары қатысып, атқарылған жұмыстар туралы хабарламалар жасады.
Комиссия отырысында облысымыздың аудандарындағы кәсібін жаңа бастаған кәсiпкерлер мен жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлердің несие алу мақсатында кепілдікке ауылдық елді мекендердегі үйлері мүлдем алынбайтындығы немесе нарықтық бағасынан төмен бағаланатындығы халықтың наразылығын тудырып отырғаны айтылды.
Бірінші кезекте сын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының атқарып отырған қызметіне байланысты жасалды. «Агрокредиттік корпарация» АҚ филалы тарапынан ауылдық елді мекендерде орналасқан үйлердің кепілдікке алынбауы, несиеге үміткерлердің кепіл мүліктерінің бағалау құнын төмендетіп тастауы, жобаларды қарау мерзімі 3 айға дейін созылуы сияқты мәселелер көтерілді. Осы орайда облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық салаларды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Е.Саурықов жиынға қатысушыларға кәсіпкерлікті дамытпай экономиканың дамуы мүмкін еместігін, осы себепті кәсіпкерлерге жан жақты қолдау көрсету мәселесіне немқұрайдылықпен қарамау керектігін атап өтті.
Облыстық мәслихаттың депутаты Е.Манжуов несие қоры тек ірі кәсіпкерлерге ғана емес, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тең дәрежеде бөлінуін назарға алуды ұсынды.
Зерделеу жұмыстары барысында анықталған өзекті мәселелер бойынша тұрақты комиссия отырысында қаулы қабылданды. Қабылданған қаулының орындалуы тұрақты комиссияның бақылауында болады.