Өнерде өрге жүзген
Жақында ауданымызда, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ұлттық бірегейлігімізді сақтау мақсатында, «Ертөстік» бөбекжай-бақшасында «Ұлттық аспаптар шебері» атты байқау болып өтті. Мектепке дейінгі мекемелерде еңбек ететін саз жетекшілерінің арасында осындай сайысты ұйымдастыруда, негізінен, ұстаздардың кәсібилігі мен мәртебесін, олардың іс-әрекеттерінің тиімділігін көтермелеу мақсатқа алынып, әрбір педагогтың таланты мен дарынын анықтау міндеті алда қойылған еді.
Дәстүрлі байқау сыны үш кезеңнен тұрды. Оған ауданымыздың 4 бөбекжай-бақшасының саз жетекшілері қатысты. Атап айтсақ, олар «Нұршуақ» бөбекжай бақшасының саз жетекшісі Мүсілім Қазбек, «Балауса» бақшасынан Шегетаева Әлима, «Балдырған» бақшасынын Ташметова Рауза, «Балбөбек» бақшасынан Назарбекова Ұлбосын болатын. Бұл өнер сайысы әсіресе, ұстаздар үшін өте маңызды еді. Себебі, бұл – ұстаз шеберлігін анықтауға жол ашатын, оның үздіксіз жүргізіп отырған еңбегінің нәтижесін көрсететін, өзара тәжірибе алмасатын үлкен өнер сайысыболып табылады.
Ауданымызда балабақшалар ұжымдары қол жеткізген, ауыз толтырып айтатын қомақты жеңістеріміз де жеткілікті.Жыл сайын осынау осындай жарыстар белгілі бір мамандық бойынша өтіп отырады. Биылғы байқау ұлттық аспап орындаушылары арасында ұйымдастырылды.
Балабақша саз жетекшілерінің бұл іс-шараға жоғары деңгейде дайындалғандары көрініп тұрды. Өнерлі педагогтарымыз өз өнерлерін таныстыру рәсімімен ашып, алдын ала белгіленген шығармаларды ұлттық аспаптарда шеберлікпен орындады. Байқауға қатысушылар біздің ата-бабамыздан мұра болып қалған қасиетті домбырада, саз сырнай мен жетігенде ойнап, өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті.
Атап айтар болсақ, Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнда жарық ай» атты шығармасын Мүсілім Қазбек домбырамен шертіп, бабына келтіре орындаса, Құрманғазының «Балбырауын» күйін Назарбекова Ұлбосын орындап, күйдің құдіретін тағы да бір танытып өтті. Ташметова Рауза атты қатысушымыз «Анаға сәлем әнін» домбырамен қоса салса, ал Шегетаева Әлима «Ақсақ киік» күйін жетіген мен саз сырнайдың сүйемелдеуімен орындап, шеберлігін таныта алды.
Осылайша қазағымыздың ұлттық өнері мен мазмұны бай туындыларын көрермендерге жақсы деңгейде көрсете алған ұстаздарымыз рухани жаңғыруда алға міндет етіп қойылып отырған мәселелерге үн қоса білді. Бұл байқаудың нәтижесі бойынша бас жүлдені «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасының саз жетекшісі Мүсілім Қазбек иемденіп, облыстық байқауға жолдама алды. Бірінші орынды «Балауса» бөбекжай-бақшасынан Шегетаева Әлима жеңіп алса, екінші орынды «Балдырған» бөбекжай-бақшасынан қатысқан Ташметова Рауза, ал үшінші орынды балбөбектік Назарбекова Ұлбосын бөлісті.
Жалпы, бүгінгідей барлық технология атаулы барынша дамыған жаһандану заманында, ХХІ ғасыр педагогына қойылатын талаптар өте жоғары екені белгілі. Тек білімді, білікті маман болу жеткіліксіз. Қазіргі заман ұстазына тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық, саяси-экономикалық және ақпараттық сауаттылық та қажет. Сондықтан да саз жетекшілерінің әрбір оқу іс-әрекеттерін мазмұнды, мемлекет стандарттарына сай, балаларға ұнамды етіп ұйымдастыра алуы өте көп ізденістерді қажет етеді.Ал, осындай байқаулар соған «қамшы» болары анық.
Айша Қарабаева,
аудандық білім
бөлімінің әдіскері.