«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалында «Балаларды мектепке даярлаймыз» атты қайырымдылық акциясы өтті
Ағымдағы жылдың 31 шілдесінен бастап, «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы-Бақытты балалық шақ» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында «Балаларды мектепке даярлаймыз» республикалық акциясы өз бастауын алған болатын.
Іс-шараның негізгі мақсаты әлеуметтік тұрғыдан мүмкіндігі төмен отбасындағы оқушыларды керекті оқу-құралдарымен қамтамасыз ете отырып, қуанышты көңіл-күй сыйлау.
Аталмыш акция аясында бір ай ішінде партия облыстық, Тараз қалалық, аудандық филиалдары және бастауыш партия ұйымдарының ұйымдастыруымен 79 қайырымдылық шарасын өткізу жоспарланды.
Қайырымдылық шараларда 914 аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тізімі жасақталып, оларға оқу құрал-жабдықтары мен мектептің біркелкі киім үлгісі мен басқа қажетті киімдер табысталды.
Акцияны іске асыруға партия облыстық, Тараз қалалық, аудандық филиалдарының Саяси кеңесі, партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесі, партиялық бақылау комиссиясы мен партияның жергілікті мәслихаттардағы депутаттық фракцияларының мүшелері және бастауыш партия ұйымдарының төрағалары тартылды.
Ал, ағымдағы жылдың 21 тамызы күні партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Тілеумұрат Шәбден Тоқтасынұлы жағдайы төмен, көп балалы отбасынан шыққан, ата-анасының қамқорынан айырылған №51 орта мектебіндегі бес балаға (Әбішева Асылай, Қамбар Абзал, Қазыбай Әлібек, Төлен Спандияр, Мәдібек Есжан) мектеп формасы, аяқ киім және тағы басқа мектепке қажетті киім-кешектері, оқу құралдарын табыс етіп, жаңа оқу жылында балалардың сабақтарына сәттілік тіледі.
— Мектепке бару үшін баласын толықтай оқу-құралдармен жабдықтау – жағдайы төмен отбасылар үшін қиынға соғатыны рас. Қоғам тарапынан көмек берілмесе, оларға бұл мәселені шешу оңайға соқпайды. Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау өте маңызды. Әсіресе, бұл мектеп табалдырығын алғаш аттағалы тұрған балалар үшін өмірлік есте қаларлық күн. Біз осы қайырымдылық іс-шарасын жыл сайын тұрақты өткізіп келеміз, — деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Нұрымова Гүлдара Алданышқызы мектеп оқушыларына оқуға қажетті киімдері мен құрал-жабдықтарын алу үшін Төлеевтер отбасының үш баласына қаржылай сыйлық тапсырып, балаларға ізгі тілектерін жолдады.
— Он күннен соң оқу жылы басталады. «Балаларды мектепке даярлаймыз» қайырымдылық іс-шарасы – бұл оқушыларды керекті жабдықтармен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар білім беру ісіне қоғамда маңызды қадам жасау болып табылады. Мемлекетіміздің және «Нұр Отан» партиясының саясаты барлық азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған. Бүгінгі іс-шара барысында ата-аналар мен балаларды шаттыққа бөлей алғанымыз үшін бізде қуаныштымыз, — деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Гүлдара Нұрымова.
Іс-шара соңында балалар партия облыстық филиалына алғыстарын айтып, енді мектепке барар күнді асыға күтетіндерін қуанышпен жеткізді.