«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесі отырысы өтті.
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеевтің төрағалығымен өткен басқосуға қоғам, мәдениет қайраткерлері, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары, партияның облыстық және қалалық мәслихаттарындағы депутаттық фракциясының мүшелері қатысты. Шарада күн тәртібіне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау және түсіндіру, сонымен бірге оны жүзеге асырудың тетіктері және қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелері туралы шығарылып, пікір айтылды. Жиында партия төрағасының орынбасары көпшілік арасында өзгеше резонанс тудырған мақала облыстық әкімдіктен бастап барлық мекемелерде, партияның бастауыш партия ұйымдарында, депутаттық фракция отырыстарында, партия активінің жиналыстарында, еңбек ұжымдары мен оқу орындарында кеңінен талқыланып жатқандығын айтып, ондағы көтерілген өзекті мәселелер қазақстандықтар тарапынан шын мәнінде қолдау тауып отырғандығын жеткізді. Мұнан соң ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау және түсіндіру, сонымен бірге оны жүзеге асырудың тетіктерін қарау және қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелері туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова хабарлама жасап, мақаланың облыс тұрғындарына үлкен серпіліс бергендігін атап өтті. Сондай-ақ ол бағдарламалық мақаланы жүзеге асыру үшін облыс әкімінің басшылығымен аймақта жұмысшы топ құрылып, желілік кесте бойынша жұмыс жүргізіп жатқандығын жеткізді. Ол топ 25 мың қатысуымен түрлі 250 шара өткізген. Бұдан өзге облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан мобильдік топ құрылып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Мақалада қазақ тіліне кеңінен көңіл бөлінген және қазақ мәдениетін әлемге таныту мақсаты айтылған. Сондай-ақ латын әліпбиіне ауысу мәселесі көтерілген. Бұл өте оңтайлы шешім. Латын әліпбиін геосаяси жағынан таңдау қате пікір емес екендігін түсінуіміз қажет. Бұл жаһандану заманының талабы, компьютер тілі. Бұл әліпбиге біз кезең-кезеңімен көшетін боламыз, – деген Рахия Сейітбекқызы өңірде бағдарламалық мақала аясында «100 жаңа есім» тұжырымдамасы бекітілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол осы мақсатта ҚХА елдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтар туралы ұсыныстар қарастырып жатқандығын мәлім етті. «Қазақстан» Телерадиокорпорациясы акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген Елбасы мақаласын іс асыру үшін нақты тірлік керек екендігін айтып, жыл сайын журналистер арасында рухани жаңғыру туралы үздік мақала бәйгесін жариялау керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар қазіргі қоғам дәстүрдің озығын алып, тозығын тастау қажет екендігін сөз етіп, өскелең ұрпаққа тәрбие беру, кітап шығару мәдениетін қалыптастыру жайлы өз ойын ортаға салды.
Шарада Жазушы, драматург Елен Әлімжан Елбасының бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және филология ғылымдарының докторы, профессор, «Ғылым жолы» республикалық ғылыми-танымдық журналының бас редакторы Сәмен Құлбарақ Латын қаріпіне көшу бойынша пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.