Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында жеке бизнес ашу және дамыту мәселелері бойынша акция өтті
Бүгінгі таңда елімізде өз ісін бастағысы келетін жастар саны күн санап өсіп келеді. Жеке бизнес ашуға немесе жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, мол мүмкіндік жасалынып жатыр. Бұл бастамалар жаңадан оқуын бітіріп, дипломын қолына алып, жұмыс таппай жүрген көптеген жастарға таптырмайтын дүние болып табылады. Дегенмен, олардың барлығы бірдей мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге көрсетілетін жеңілдіктер мен қолдау жөнінде біле бермейді. Жеке кәсіпкерлерге, жаңадан кәсіп ашқалы отырған азаматтарға арнайы мемлекеттен бағыт-бағдар беретін бизнеске қолдау көрсететін орталықтардың бар екенін де бірі естісе, бірі естімеген.
Осыған орай бүгін «Нұр Отан» партиясы Мойынқұм аудандық филиалында Кәсіпкерлер Палатасы мамандарының қатысуымен жеке бизнес ашу және оны дамыту мәселелері бойынша ақпараттық кеңес беру акциясы өтті. Акцияның басты мақсаты — жеке бизнес ашу және оны дамыту мәселелері бойынша түсіндіру болып табылады.
Акцияны «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шакизат Акимов ашып, жүргізіп отырды. Акцияға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев, «Мойынқұм несие серіктестігі» ЖШС жетекшісі Бәкір Исабеков, Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының консультанты Мағауия Пойызбек, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы маманы Қуаныш Махадилов, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің жетекші маманы Бәкір Тілеужановтар қатысты. Сонымен қатар, жас кәсіпкерлер, кәсіпкерлік ашуға ниет білдірушілер, жастар орталығының қызметкерлері қатысты.
Акция барысында оған қатысушылар бизнес ашу қыр-сырлары туралы ой – пікірлерімен бөлісіп, бизнес ашудағы бизнес-план жасауға көрсетілетін көмектер мен мемлекеттік бағдарламар туралы кеңінен сөз қозғады. Акция соңында оған қатысушылар өздерінің көкейкесті сұрақтарын қойып, оларға мамандар тарапынан тұшымды жауаптар алды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев жаңадан бизнес ашып жатқан жастарға өзінің ақ батасын берді.