Бүгін Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев облыстың өнеркәсіп және құрылыс нысандарымен де танысты.
Министр алдымен Түркістан қаласындағы шағын индустриялық аймақ аумағында орналасқан «BNK Group LTD» ЖШС су үнемдеу қондырғыларын (жаңбырлатқыштар) шығаратын жобасында болды.
Қазіргі таңда Қазақстанда жаңбырлатқыш қондырғылардың егіншілік пен жерді суарудағы маңызы зор. Құрғақ климаттық жағдайлар басым және құрғақшылық жиі болатын солтүстік және орталық Қазақстан жағдайында өсімдіктерді қажетті мөлшерде ылғалмен қамтамасыз ету үшін жаңбырлату қажет.
Кәсіпорынның бас директоры Ниязәлі Бейсенбаев кәсіпорынның жоспарларына тоқталып, ағымдағы мәселелерге, соның ішінде өткізу нарығын кеңейту қажеттілігіне, сондай-ақ мемлекет тарапынан ынталандыру шараларына тоқталды.
Министр бірінші кезекте егін шаруашылығында суды орынды тұтынуға бағытталған бұл жобаның маңыздылығын атап өтіп, отандық тауар өндірушілерді ынталандыру бойынша қосымша шараларды әзірлеуге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Бүгінгі таңда отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ҚР Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жаңа редакциясына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы жаңбырлатқыш машиналарды сатып алу үшін 80% (жергілікті бюджеттен 30%) көлеміндегі субсидиялар қарастырылғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, суару машиналарын сатып алу кезінде «КазАгроФинанс» АҚ арқылы несиелеу/лизинг бойынша пайыздық мөлшерлеме субсидияланады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі