Мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.
Елбасы мемлекетті тиімді басқаруы үшін мемлекеттік қызметшіде болуға тиісті негізгі қасиеттерді атап көрсетті. Бұл – моралдық жоғары жауапкершілік, кәсіптік білім, білімін тәжірибеде қолдана білу, адалдық, ақ ниеттілік, белсенді өміршеңді ұстаным. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының барлық маңыздылығын сезіне білуі және өз елінің патриоты болуы тиіс.
Мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы секілді. Оның ар — ожданы биік, әділетті, талантты ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін қоғам бағалайды. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз орнында халықтың мүддесіне қызмет етіп, көкейтесті мәселелерін заң шеңберінде шешуі талап етіледі.
Мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен абырой мен міндет. Ол билік пен халық арасында байланыстырушы буын болып табылады. Сондықтан да көп нәрсе оның кәсіби біліктілігіне, жедел түрде ой қорытып, қандай да бір мәселелерді шешу жауапкершілігін өз мойнына ала білу дағдысын игергендігіне байланысты. Кез-келген деңгейдегі мемлекеттік қызметші лауазымы басқа мамандық тұрғысымен салыстырғанда мейлінше жоғары. Бұл — өзін-өзі жетілдірудің тұрақты жағдайы.
Мемлекеттік қызметші іс-әркетіне жауаптылықпен қарап, жоғары орындаушылық, өзіне және әріптестеріне талап қоя білу, тәртіптілік және мүлтіксіз адамгершілік қасиеттеріне ие болуы тиіс. Мемлекеттік қызметшінің сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы, әдептіліктің белгісі. Олардың моральдық-этикалық бейнесі мен кәсіби сапасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі жоғары талап қояды.
Кез келген мемлекеттің жетістігі мен гүлденуі мемлекеттік қызметшілерінің тиімді және кәсіби қызметіне негізделеді. Осыған байланысты оны жетілдіру мәселелеріне мемлекеттің басшылығы тарапынан ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы жақсарып, сонымен қоса қызметкерлерге қойылатын талаптар да жоғарылап отыр.
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға айрықша назар аударылып, көңіл бөлінуде. Бұл жағдайда мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуы саяси жүйенің, экономиканың, қоғамдық қарым-қатынастардың қалыптасуымен, мемлекеттік басқару жүйесінің оңтайландырылуымен тығыз байланысты. Кейбір адамдардың ойынша мемлекеттік қызмет дегеніміз күніге 8 сағаттық жұмыс қана, ал ындығында мемлекеттік қызмет дегеніміз тәулік бойы міндет пен жауапкершілік. Олай болса, мемлекеттік қызметкер болу — зор құрмет, ол халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір қызметін атқарып тұрғандай, бұл өте жауапты да, қиын және қызықты қызмет екенін айтпасада анық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті 23 маусымды Мемлекеттік қызметші күні деп жариялап, 2013 жылы 20 желтоқсанда арнайы Жарлыққа қол қойған.
Дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Сондықтан қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек.
Бүгін еліміздің алдына қойған мақсаты – озық отыз елдің ортасынан өз орнын табу. Мемлекет басшысы осы мақсатқа жету үшін, халқымызды ортақ мүддеге жұмылдыратын «100 нақты қадам» ұлт жоспарын ұсынған болатын. Ұлт жоспарын жүзеге асыру халықтың әл-ауқатын жоғарылату үрдісінде мемлекеттік қызметшінің рөлі маңызды, өйткені олар мемлекеттік реформалардың бастаушысы болып табылады. Мемлекетпен жүзеге асырылатын шаралар азаматтардың қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған.
Адам құндылығына қызмет ету қашанда мерейлі екенін ойласақ, өз тағдырын сеніп тапсырып, кәсіби шеберлік пен біліктілігімізге сенім артқан жандардың көңілінен шығу қашанда қиын. Қазіргі жаһанданудың өрелі биігіне қол созған кезде тәуелсіз елімізді өркендету жолында еселі еңбек ету басты мақсатымыз.
Осы тұрғыда Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кеңсесінің мемлекеттік қызметкерлері де үдеден шығу үшін аянбай еңбек етуде екенін айта кеткен жөн.
Фота интернеттен алынды https://images.app.goo.gl/EpvL3KLZ7xjdo6E28
Райхан Ратова, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кеңсесінің бас маманы