Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру және әліпбидің бірыңғай стандартын талқылау жөніндегі демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Жамбыл облыстық коалициясы отырысы өтті
Ағымдағы жылдың 22 қыркүйегі күні «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің мәжіліс залында барлық саяси партиялар мен ірі қоғамдық ұйымдардың басын біріктіретін Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Жамбыл облыстық коалициясының отырысы өтті. Коалиция отырысында мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру және әліпбидің бірыңғай стандарты талқыланды. Коалицияның жұмысына Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Жамбыл облыстық Коалициясының мүшелері — саяси партия филиалдарының жетекшілері, облыстық маслихаттың депутаттары, Саяси кеңестің мүшелері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ірі қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.
13 қыркүйек күні Астана қаласы Бейбітшілік және қоғамдық келісім сарайында мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру және әліпбидің біріңғай стандартын қолдауға байланысты Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы өткен болатын. Соның негізінде барлық өңірлерде коалиция отырыстары өткізіліп, мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру және әліпбидің бірыңғай стандарты талқылану арқылы ұсыныстар жинақталуда.
Шара барысында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ыбырайым Әзімхан, ТарМПИ-нің жұмыс тобының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қарымбаева Күлзинаттар әліпбидің бірыңғай стандартын толығымен түсіндіріп, ұсыныстарын айтса, Коалиция мүшелері – Қазақстан халықтық коммунистік партиясы Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы Нұралиев Жарылқасын, «Ақ Жол» демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әбдісаттарова Сейсекүл, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы Тараз қалалық филиалының төрағасы Байжанов Қайрат, Тараз қалалық ауған соғысы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ермеков Дүкенбай, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының Жамбыл облысы бойынша үйлестірушісі Мурзахметов Ихтияр, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Солтыбаев Еркінбек, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Болатбек Уалихан, «Жамбыл облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің Президенті Юлдашев Заитжан, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Шәкербек Мәріпбектер өз қолдау-пікірлерін білдіріп, сұрақ, ұсыныстарын жеткізді.
«Латынға көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы деп білемін. Латынға көшу арқылы біз ұлтымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш мәселені шешеміз. Біріншіден, ағылшын алфавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да, орта жастағылардың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді. Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады. Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады. Кириллицада жасалған бар әдеби құндылық түгелдей компьютерлік нұсқаға көшіріледі. Сондықтан, латынға көшу арқылы рухани байлығымыз цифрлық технология тілінде одан әрі өркен жаяды. Осыны халыққа түсіндірудің көш басында зиялы қауым өкілдері болуға тиіс» — деді, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, коалиция төрағасы Мұратхан Шукеев.
Ал, филология ғылымдарының кандидаты Қарымбаева Күлзинат «Латын әліпбиіне көшу – тілдік ерекшілегімізді сақтау, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуы. Өйткені, латын жазуы ағылшын тілі сияқты әлемге кең тараған әліпби екені белгілі. Латын әліпбиіне көшу арқылы қазақ тілінің басты үш дыбыстық заңы, атап айтқанда, буын үндестік заңы, ерін үндестік заңы, ерін үндестік заңы бұзылудан сақталса, сөйлеу мәдениеті көтеріліп, орфоэпиялық нормалар мен орфографиялық нормаларды ығыстыра бастайды, соның негізінде зияткерлік ұлт негізі қалыптаса бастайды және бірінші сыныптан бастап балалардың басын ауыртып келе жатқан, емлетануда қиындық туғызып жүрген, қазақ сөздерінде ешқашан дыбысталмайтын және болмайтын басы артық 16 әріптен құтыламыз» деп айтып өтті.
Коалиция мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, түрлі ұсыныстар да айтылды.
Ал, шара соңында Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Жалпыұлттық коалициясы мүшелері қабылдаған Үндеуге қолдау білдірілді.