Президент ведомствоның атқарған қызметі, салада жүргізілген реформалар және төтенше жағдайдың алдын алу, салдарын жою жөніндегі есепті тыңдады.
Министр жүзеге асырылған инфрақұрылымдық жобалар туралы, соның ішінде Астана қаласында өрт сөндіру депосы мен Атырауда құтқару бекеті салынғанын айтты. Былтыр 14 жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілген.
Шыңғыс Әрінов құтқарушылардың жаңа киім үлгісі бекітілгенін, материалдық-техникалық базаны жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын, әуе кемелері сатып алынғанын жеткізді. Елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы қолға алынды.
Ықтимал табиғи апаттарға дайындықты пысықтау үшін Алматыда «Алатау» жедел мақсаттағы оңтүстік базасы құрылды. Азаматтарды уақытша орналастыруға арналған үш орын белгіленді. Каспий теңізінің қазақстандық секторында «Теңіз жасағы» бөлімшесі іске қосылды. Бұл құрылым оқыс оқиғаға тап болған адамдар мен кемелерді құтқаруға маманданған. Төтенше жағдай аймағына гуманитарлық жүкті тасымалдаумен айналысатын «Айбат» арнаулы мақсаттағы жасағы құрылды. Барлық өңірде әуе құрылымдарын жасақтау жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысына су тасқыны жөнінде ақпарат берілді. Министрдің айтуынша, республика аумағындағы жағдай тұрақты. Қауіп төнген жағдайда тұрғындарды эвакуациялау үшін күштер мен техникалар сақадай сай. Сегіз өңірдегі жағдай бақылауда. Ресей және Қырғызстанмен тұрақты түрде ақпарат алмасу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Президент су тасқынына қарсы шараларға баса назар аудару, алдын ала ескерту жүйесін жаңғырту және төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуын жалғастыру жөнінде міндет жүктеді.
Ақорданың баспасөз қызметі