Президент Францияның Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министр-делегаты, Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бештті қабылдады.
Мемлекет басшысы жоғары лауазымды дипломатқа ілтипат білдіре отырып, қазақ-француз қарым-қатынастарының деңгейіне жоғары баға беріп, оның елімізге алғашқы ресми сапары барлық саладағы стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенімді екенін айтты.
– Франция – Еуропадағы ең басты серіктесіміз. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға мүмкіндігіміз мол екеніне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға жасаған сапарының қорытындысы бойынша, соның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстан нарығына, әсіресе мұнай-газ химиясы, жасыл энергетика, авиация және өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика салаларына француз бизнесін кеңінен тарту үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін айтты.
🇫🇷 Оливье Бешт Мемлекет басшысына қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын айтып, Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуына көңілі толатынын жеткізді.
– Былтыр қараша айында Парижге жасаған ресми сапарыңыз өте сәтті болды және екіжақты қарым-қатынастарға нақты саяси серпін берді. Президентіміз Сізбен арадағы жақсы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуды маңызды деп санайды. Бұл бізге аса маңызды халықаралық мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасуға мүмкіндік береді. Сондықтан Президентіміз серіктестігімізді дамытуға барынша күш салуымды сұрады. Қазақстан – сенімді серіктес, достас мемлекет әрі Орталық Азиядағы бізбен стратегиялық байланыс орнатқан жалғыз ел, – деді министр-делегат.
Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де қарастырылды.
Дереккөз: t.me/aqorda_resmi