Дәл бір жыл бұрын Байзақ ауданының Құмжота ауылында жоғары сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларын соққыға жығып, бір оқушы қаза тапқан еді. Полиция қылмыстық іс қозғап, бірінші сатыдағы сот шешімі шықты. Қаза тапқан баланың туысы біздің тілшімізге берген сұхбатында төбелес даладағы дәретханада 9-сынып оқушыларының ұйымдастыруымен болғанын айтты.
Төбелес кезінде 8-сынып оқушысы бірнеше рет кеудесіне соққы алып, есінен танып, оқиға орнында көз жұмған.
Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің директоры Қанатбек Бәйтен мен шаруашылық жөніндегі директор орынбасары Шоқан Айнақұлов Байзақ аудандық сотына жұмысына қайта орналасу, бұйрықты жою және жалақысын өндіру туралы талап арыз түсірді.
13 қаңтар күні Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұзақылық және қасақана ауыр дене жарақатын келтіру (ҚР ҚК 293-бап 2-бөлім 1-тармақ; 106-бап 3-бөлім; 28-бап 4-бөлім; 106-бап 3-бөлім; 293-бап 2-бөлім) бойынша айыпталған үш оқушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот үкімімен айыпталушылар кінәлі деп танылды. Екі жасөспірімге алты жыл сегіз ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, үшіншісіне бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Біз Жамбыл облысының прокуратурасына ауыл мектебінің директорына қандай жаза қолданылғаны туралы сауал жолдадық. Қадағалау органы «Қылмысты жасыру» (ҚР ҚК 432-бап) бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.
«Бұл қылмыстық іс бойынша қазіргі уақытта Байзақ аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», — деді Байзақ ауданының прокуроры Ақберген Мулкиманов.
Қазіргі таңда, «Қылмысты жасыру» (ҚР ҚК 432-бап) бабы бойынша іс Байзақ ауданы полиция бөлімінің тергеуінде.