«Азаматтық бақылау» жобасын жүзеге асыру аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының, Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы тіркеу-емтихан алу жұмыс бөлімінің, сондай-ақ «Проф Мед» ЖШС медициналық орталығының жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өткізу бойынша жұмысындағы сыбайлас жемқорлық деңгейін халықтың қабылдау жағдайын зерделеу мақсатында, әлеуметтік сауалнама жүргізілді.
Әлеуметтік сауалнама нәтижесі жоғарыда аталған мекемелер бойынша халықтың сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдау деңгейі төмендегідей көрсеткіштерге сәйкес екендігін байқатты:
— Арнайы ХҚКО – 20%;
— ІІД ӘПБ ТЕЖБ – 24%;
— Медорталық — 56%.
Келтірілген статистикалық мәлімет Медициналық орталықтың сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейім екенін көрсетті – 56%.
Жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысы қоғамдық бірлестіктің сыбайлас жемқорлық, оның ішінде «тұрмыстық» жемқорлық фактілерін анықтау мақсатында «Құпия сатып алушы» тәсілімен іс-шаралар жүргізілуіне негіз болды.
Жоғарыда көрсетілген ұйымдардың жұмысына жүргізілген мониторинг барысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 20 наурыздағы №166 бұйрығымен бекітілген Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруден өткізу қағидаларына сәйкес, медициналық тексеруден өту, сондай-ақ №083/у нысанды медициналық анықтама алу қажеттігі белгілі болды.
Өз кезегінде медициналық тексеруден өту үшін Медорталық дәрігерлерінің оң қорытындысы талап етіледі. Бұған қоса медициналық тексеру қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық наркологиялық диспансер, сонымен қатар Жамбыл облыстық психоневрологиялық диспансер қызметкерлерінің оң шешімі қажет.
«Құпия сатып алушы» тәсілімен жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде, Медорталық пен Жамбыл облыстық психоневрологиялық диспансер қызметкерлерінің белгілі бір ақшалай сыйақы үшін тиісті оң қорытынды шығаратыны анықталды.
Мысалға, Медорталықтың дәрігер-окулисті көзі нашар көретінін жеткізген азаматтан 1000 (бір мың) теңге сыйақы алу арқылы оған оң қорытынды шығарып берген.
Жамбыл облыстық психоневрологиялық диспансер қызметкері де осындай әрекеттерге барған. Ол тексерілушінің қатысуынсыз 1000 теңге (бір мың) көлеміндегі ақшалай сыйақыға психологиялық тест бланкісін өз қолымен толтырып берген.
Жоғарыда айтылғандар оң қорытындымен шығарылған №083/у медициналық анықтамасымен, сондай-ақ қоғамдық бірлестік түсірген бейнематериалдармен расталады.
Көрсетілген фактілер жөніндегі барлық материалдарды қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне жеткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде Медорталықтың мемлекеттік мекеме еместігі және онда мемлекеттік қатысу үлесі жоқтығы белгілі болды.
Алайда, жоғарыда көрсетілген қызметкерлердің әрекеттерінде Қазақстан Республикасының заңнамалық нормаларын бұза отырып, азаматтарды алдау жолымен, заңсыз ақшалай сыйақы алу мақсатында өз қызметтік жағдайын пайдалану көріністері орын алып отыр.
Осыған байланысты, аталған фактілер жөніндегі материалдар Жамбыл облысының құзырлы органдарына жоғарыда көрсетілген мекемелер қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды.
Жоғарыда көрсетілген фактілер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жанындағы Арнайы мониторингтік топтың 2018 жылғы 29 маусымдағы отырысында қаралды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті