Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен Қылмыстық кодекстің (әрі қарай ҚК) 99-бабының 1-бөлігі және 287-бабы 1-бөлігі яғни, суық қаруды заңсыз алып жүрген және адам өлтіру бойынша айыпталушы Н.Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотпен не анықталды:
Сотталушы Н.Т. Жамбыл облысы аумағындағы шаруақожалықтардың бірінде малшы ретінде жұмыс істеп жүріп,аталған жайылымның аумағында, мал бағып жүргенде, қамыс арасында қаптағы пышақты тауып алып, оның суық қару екенін алдын-ала біліп, өзіне қалдырып, оны заңсыз сақтаған.
Ағымдағы жылдың сәуір айында сотталушы Н.Т. жәбірленуші екінші малшы А.С.-пен спирттік ішімдік арақішкен. Содан кейін алкогольден масаң күйде болған сотталушы Н.Т. мен жәбірленуші А.С.-тың арасында екі жақты төбелес орын алған. Төбелес барысында сотталушы жәбірленушінің бетіне доғал затпен жарақат салып, нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілген.
Осылайша, екеуінің арасында туындаған ұрыс-керіс сотталушының жәбірленушіге жағымсыз көзқарасын қалыптастырып, оны өлтіруге себеп болып, ол қоғамға қауіпті зардапты ұғынып, оның кеуде қуысына қасақанапышақпен соққы жасаған.
Нәтижесінде жәбірленуші А.С.-тың оң жақ өкпесінің ортаңғы бөлігін жарақаттаумен, кеудесінің оң жағына терең шаншып-кесілген жарақат түрінде сыртқы және ішкі қан кетуге әкеп соққан ауыр дене зақымы келтіріліп, соңғы оқиға болған жерде қаза болған.
Тараптардың позициясы:
Прокурор сотталушы Н.Т.-ға 12 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сот отырысында сотталушы Н.Т. жасаған іс әрекетіне шын жүректен өкінетінін жеткізді.
Дәлелдемелер бойынша:
Кінә іс бойынша жиналған дәлелдемелермен: сотталушының сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде күдікті ретінде және айғақтарды сол жерде нақтылау және тексеру барысында берген жауаптары, іс бойынша сұралған куәлердің жауаптары, сараптамалардың қорытындыларымен, сондай-ақ қылмыстық істің өзге де материалдарымен дәлелденді.
Сот шешімі:
Қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде, сот оның шын жүректен өкінуін, жәбiрленушiнiң қылмыстық құқық бұзушылыққа түрткi болған бейморальдық мінез-құлқын табады.
Қылмыстық жауаптылық пен жазасын ауырлататын мән-жайлар ретінде, сот оның қылмыстық құқық бұзушылықты алкогольден мас күйде жасағанын табады.
Сот үкімімен ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі бойынша Н.Т.-ға орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қайнар: Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі