Неонатолог — кішкентай адамның өміріндегі алғашқы дәрігер. Олар жаңа туған нәрестелерді бақылап, емдейді. Олардың жұмысындағы ең қиын және маңызды бағыттардың бірі — мерзімінен бұрын, яғни шала туылған нәрестелерді күту. Осындай қиын мамандықты таңдаған дәрігерлердің бірі — Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық құрылымының неонатологы Толықбаев Талғат Жорабекұлы.
Ол өз мамандығын бастауыш мектепте жүрген кезде таңдап үлгеріпті. Талғат Жорабекұлының отбасында дәрігерлер болмаған, атасының әрдайым ақ халаттыларға үлкен құрметпен қарауы, әрқашан оларды үлгі етуі, оның өмірін медицинамен байланыстыруына себеп болған. Осылайша, ол 1989 жылы Қарағанды медициналық институтының педиатрия факультетіне түсіп, оны үздік тәмамдады. Еңбек жолын 1997 жылы №1 қалалық перзентханада қарапайым ординатордан бастап, жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі болды. Кейіннен ол неонатология мәселелері жөніндегі бас дәрігердің орынбасары ретінде еңбек етті.
2016 жылы өңірде облыстық перинаталдық орталық ашылып, неонатолог дәрігерді сол медициналық ұйымға жұмыс істеуге ауыстырды. Күн сайын адам өмірімен байланысты түрлі қиындықтармен бетпе-бет жұмыс істей білген оған мұндай үлкен жүктеме ауыр болмады. Себебі Талғат Жорабекұлы әрқашан неонатологтың жұмысы қиын, бірақ өте қажет екенін жақсы біледі.
Бүгінде ол облыстағы сауатты маман, еңбекқор, жауапты, жаңа туған нәрестелерге үнемі және күнделікті жоғары білікті көмек көрсететін, кәсіби білім қоры мол дәрігер. Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен бөлімдегі жұмыс көрсеткіштерінде жақсарулар байқалуда. Соның арқасында аймақта бұрын жоғары болған нәресте өлімінің төмендеуі орын алды. Бөлімде белсенді түрде «қауіпсіз ана» атану принциптері қолданылып, жаңа технологиялар енгізілуде. Экстремалды төмен және өте төмен салмақты нәрестелерді күтудің принциптері енгізілді, ана сүтімен тамақтандыруды насихаттау және оны ұстану қағидаттарын ұстану қажет екендігі туралы мәселелер көтерілді.
«Бір адамға көмектесіп, оның алғысын алсаң, керемет сезімде боласың. Мақсат, армансыз адамның ісі өнбейді. Алдыңнан қандай қиыншылықтар шықса да, бәріне төзіп бағу қажет. Ол өмірдің ағымы. Нәресте дүниеге келген соң, салмақ қосып, жақсы болғаннан кейін ғана анасының қарауына беріледі.
Биылғы 5 айдың ішінде реанимация бөлімшесінде 530 бала ем қабылдап шықты. Анасы мен баласы ауырмай, перзентханадан аман шығып кетсе, бізге одан асқан бақыт жоқ», — дейді неонатолог-дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, мерзімінен бұрын босануға түрткі болатын ең негізгі себептердің бірі – жүктілік кезіндегі инфекцияларға, сыртқы факторларға, жүкті әйелдің жұмысына қатысты. Жүкті әйелге ұзақ уақыт тік тұру, керісінше бір қалыпта ұзақ отыру – зиян. Болашақ ананың жасы мен денсаулық жағдайы, дұрыс тамақтанбауы да мерзімінен бұрын босану қаупін күшейтеді. Сондықтан ерте босану қатерін сейілту, үшін, ең алдымен жүктілікті жоспарлау қажет.
Ерекше күтімді қажет ететін кішкентай бүлдіршіндердің денсаулығына баса назар аударып, үнемі қадағалап отыру — неонатолог үшін күн тәртібіндегі басты мәселе. 24 жыл осы салада қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан Талғат Жорабекұлы бүгінгі күнге дейін 20 000-ға жуық баланың өмір сүріп кетуіне себепкер болып, талай ананың алғысын арқалап келеді.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі