Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын балалардан маза қаша бастайды. Әсіресе, малшылардың кішкентайлары бір орнында дегбір таппай, терезеден далаға көз жүгіртіп жүргендері. Ойлары – үлкен аталар келе жатыр ма? Сыйқалта әкелетін шығар? Өздерінен кіші іні-қарындастары жыласа, жыламаңдар, қазір аталарың әкелген тәттілеріне тоясыңдар, – дейді өзін де, кішкентай бауырларын да алдаусыратып. Көлік есік алдына гүр етіп тоқтаса, балалар жапа-тармағай сыртқа есікке қарай жүгіреді.
Бұл жылдағы көрініс. Аудан басшылары тап осы мезгілде малшы балаларына тәттіге толы сыйқалта жеткізіп беретіні бар. Сірә, балалар осыған әбден үйреніп қалған секілді. Жыл сайын сыйқалта жеткізіп беруді аудан басшылары да ұмытпаған.
Биыл да солай болды. Күні кеше аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев, аудандық фермерлер одағының төрағасы Аманалы Құрбанов, Жамбыл облысы басқармасының Жамбыл ветстанция ШЖҚ КМК-ның директоры Жандос Жидебаев және осы топпен ере жүрген Пионер өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов аудан әкімі Сәкен Арубаевтың малшы балаларына деген сәлемдемесін жеткізіп, оларға тәтті тілектерін айтты. Кезегінде, балалар да сыйқалта ұсынған аталарына рақметі мен тақпақтарын жаудырды.
Негізі, аудан басшыларының бұл жұмыс сапары малшы балаларына қуаныш сыйлаумен қатар, осы Мойынқұм өңірінде мал қыстатып отырған малшылардың хал-жағдайын білу екені анық болатын.
Малшылар жағдайының жақсы екеніне көңіл-күйінен, малдарының қоңдылығынан аңғару қиын емес. Біз болған Пионер өндірістік кооперативі шопандарының көңілдері тоқ, қойлары қоңды, қоралары бүтін, жем-шөбі жеткілікті екенін байқадық.
Мұнда тек пионерлік шопандар ғана емемс, өзге округтердің малшылары да малдарын қыстатады. Олардың да жағдайы жақсы екен. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы; – Біз бүгін пионерліктердің екпінді еңбегіне риза болдық. Негізі, Мойынқұм өңірінде мал қыстатылып отырған 59 баздың тоғызынан 3201 мүйізді ірі қара, отыз тоғызынан 54876 қой-ешкі, он бір баздан 3613 жылқы өріске шығады. Мал үшін ерте бастан дайындалған шөп 182080 тоннаны құраса, 31550 тонна жем дайындалған. Бұл малдың қыстан қыпылмай шығуына жетеді деп ойлаймын. Әсіресе, пионерліктер шөптің мол қорын жинап алыпты, – деді көңілді күйімен.
Расында, әрбір баздың қасындағы мая-мая шөп, қамбаларындағы жем басшы сөзін дәлелдеп тұрғандай. Сондықтан болар малшылар көңілді, малдары – қоңды, балалары – мәз-мейрам. Өйткені, қуанатын жөні бар. Олар үшін сәтті шақтың шуағы шашылған күн болды. Сол күнгі жауған ақша қар бізге жаңа жылдық мерекеге шашудай болып көрінген.
Дүйсенбек Орманов
«Шұғыла»