Мәселен, 2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қаржыландыру енгізілуде, бұл осы салаға жеке бизнесті тартуға ықпал етеді. Бұл шара арнаулы қызмет көрсететін ұйымдардың желісін кеңейтуге және оларды шалғайдағы ауылдық елді мекендерге жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесіндегі алдағы өзгерістер туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ОКҚ алаңында айтты.
Қазір министрлік сараптама жүргізіп, республика шеңберінде мүгедектігі бар азаматтардың тұрғылықты мекені туралы ақпаратты жинап, цифрлық карта жасамақ. Сондай-ақ оңалту орталықтары жоқ өңірлерде осындай мекемелерді ашуды ойластырып жатыр.
«Жан басына шаққандағы төлемдерге алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап көшеміз бе деп отырмыз. Сондықтан әр азаматқа сол қызметті үйдің қасынан көрсетуге тырысамыз. Ол үшін біз әлеуемттік қызметкерлердің арасында оқыту және біліктілігін көтеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бейнесабақтар мен оекцияларды даярлап, «Skills.enbek-ке» 1 тамыздан бастап шығарамыз ба деп отырмыз. Қызмет көрсетіп отырған азаматтардың арасында белсенділер болса, сол азаматтарды оқыту жұмысына тартып, тәжірибе алмасу алаңын әзірлейміз», – деді спикер.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту шараларын қолға алу жоспарда бар. Министрдің айтуынша, жылына өңірлік квотаның арқасында 7-8 мың азамат қана екі қолға бір күрек тауып отыр. Ал, квотаны алып тастау арқылы мүгедектігі бар азаматтарды зиянды жұмыс орындарынан басқа барлық жерге жұмысқа тұрғызуға мүмкіндік пайда болады.