Еліміздегі қоғамдық тұрақтылық пен ынтымақ-бірлігімізді сақтап, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын арттыруға бағытталған әлеуметтік жұмыс тобының жетекшісі, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков «Жастар ресурстық орталығында» аудан тұрғындарымен жиын өткізіп, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешудің амалдарын қарапайым қағидаларға сүйеніп түсіндірді.
Сонымен қатар Жорабек Нұрмергенұлы бүгінде облыс бойынша халық мемлекеттік «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларының ілтипатын көріп отырғанын, осы бағдарламалар аясында 61,2 млрд қаражат бөлінгенін айтып, бұл бұрын-соңды қол жеткізбеген дәреже деп санады. «Бұл қаржыға облыс бойынша 831 әлеуметтік инфрақұрылымда жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның бір дәлелі, жаңа мектептер бой көтеріп, жолдар асфальттанып, көшелерге жарық түсіп, елді мекендерге газ кіруде. Бұл дегеніміз халықтың өмір сүру сапасының жоғарылап жатқандығын көрсетеді. Ал, ең негізгісі, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 19615 жаңа жұмыс орнын ашып жатырмыз», – деген басқарма басшысы бос жұмыс орындарына орналасуға шақырды, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды мүмкіндігінше пайдаланып қалу керектігін алға тартты.
Бұдан бөлек жұмыс тобының жетекшісі «Еңбек» бағдарламасы үш бағытта жүргізіліп жатқанын, оған 49 мың азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартып отырғандығын мәлімдеді. Белгілі бір шарттарымен де таныстырды.
Жиыннан кейін топ жетекшісі Жорабек Баубековтің бастамасымен облыс әкімдігінің ветеринария; жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар; білім; энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық; жастар саясаты мәселелері; сәулет, қала құрылысы; жер қатынастары басқармалары мен денсаулық сақтау; еңбек инспекциясы; еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің мамандары, топ мүшелері жергілікті тұрғындарды ашық алаңда жеке сұрақтарымен қабылдады. Олардың тарапынан көтерілген өзекті мәселелерді назарға алып, ұсыныстарын ескеретіндерін жеткізді.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов қатысқан кездесу Жамбыл, Қаратөбе ауылдық округтерінде жалғасты.