-Жалпы өзіңіз басқаратын мекеменің ашылу тарихын, мұндай мекеме ашудағы негізгі алғышарттарды атап өтсеңіз.
-Арнайы білім беру саласында ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізіп, дамуында түрлі бұзылыстары бар балаларды диагностикалау, оқыту мен тәрбиелеу мәселелері бойынша көмек бере алатын қызмет ету қағидалары тұрғысынан жаңа типтегі мекемелерді құру идеясы Республика деңгейінде 90 жылдардың басында көтерілді.
Осылайша, Қазақстанда ең алғаш ерте жастан түзете-педагогикалық көмек көрсету, диагностикалау, оңалту қызметтерін ұсынатын мекемелер жүйесі 1990 жылдардың басында құрылып, арнайы білім беру ұйымдарының жаңа түрі ретінде психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациялар(ПМПК) қызмет атқара бастады.
Қазақстанда ең алғашқы психологиялық – медициналық – педагогикалық консультация 1993 жылдан жұмыс істей бастаса, Жамбыл облысында 1999 жылдан облыстық білім басқармасының бір бөлімі болып құрылып, психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациясы ретінде жұмыс істеп, тек 2005 жылдан облыста 60 мың балаға арналған бір психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациясы ашылу керек деген қағидаға сүйене отыра, облыстық, Талас, Шу, Т.Рысқұлов аудандық психологиялық – медициналық – педагогикалық консультацияларының негізі қаланды.
Даму мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің оқу, тәрбие және түзете-дамыту бойынша құқықтарын айқындайтын заңнамалық құжат қажеттілігі туындап, Қазақстан ең алғашқы болып 2002 жылы «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Заңын қабылдады. Аталған заңда психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациялары арнайы білім беру мекемесі мәртебесіне ие болып, туылғаннан 18-ге дейінгі балаларды психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеруді және оларға консультация беруді, ерекше білім беру қажеттіліктерін және білім алу үшін арнаулы жағдайларды бағалауды, білім беру бағдарламасын айқындауды жүзеге асыратын, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдауға жіберетін, сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балалар дамуының ауытқуларын болдырмау және жеңу,оңалту, оларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша отбасына кеңес беретін білім беру ұйымы болып табылды. Сондай –ақ, бүгінгі күнге дейін Республикадағы мүмкіндігі шектеулі балалардың нақты санын айқындап, арнайы базаға тіркеп, есебін беріп отыратын да тек психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациялар.
Осы мақсатта Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Тараз қалалық психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациясы» мемлекеттік мекемесі 2010 жылдың ақпан айының 2 күні Жамбыл облысы әкімінің № 29 Қаулысы негізінде құрылды. Осы орайда, психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациялар ының бүгінгі бет бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан Тараз қалалық психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациясы» мемлекеттік мекемесінде туылғаннан 18-ге дейінгі 160 мыңнан аса балалар мен жасөспірімдерге қызмет етеді. Бір жылда 5 мыңнана аса балалар мен жасөспірімдерге, олардың ата-ангаларына қызмет көрсете отыра, 3437 мүмкіндігі шектеулі баланы анықтады.
Психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациялар өз жұмысында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiктерiнiң нормативтiк-құқықтық актiлерiн басшылыққа алады. Баланың даму деңгейін, ауытқуларды кәсіби деңгейде анықтауға, оларды емдеу мен оңалтудың тиімді жолын ұсыну -мекемедегі арнайы мамандардың кеңес беруімен жүргізіледі. ПМПК-да балалар дамуының психологиялық, медициналық және педагогикалық диагностикалау бөлімі жұмыс жасайды. Интеллектуалды, физикалық және даму жағдайына байланысты арнайы мамандар оңалту, білім беру бағдарламалары мен түрлерін анықтайды, сонымен қатар, ата-аналарға дамуында ауытқуы бар балаларға қатысты түрлі мәселелер бойынша кеңес береді.
-Психологиялық – медициналық – педагогикалық консультацияларға балалар қандай талаптар бойынша жіберіледі?
-ПМПК-ға балалар ата-анасының өтініші бойынша немесе білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелерінің бастамасы бойынша ата-аналардың келісімімен жіберіледі. ПМПК-ның қорытындысы -тексеру нәтижелерінен құралады, ол балаларды (ата-аналарының келісімімен) арнайы оқу ұйымдарына, түзете-дамыту мекемелері немесе инклюзивті білім беру жағдайында жалпы білім беру мекемелеріне жолданады. ПМПК мамандары әр балаға берілген қорытындының құпиялылығын сақтайды. ПМПК – да баланы әртүрлі арнайы мамандар(психолог, логопед, олигофренопедагог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагог, әлеуметтік педагог және дәрігер-психиатр, невропатолог, көз дәрігері) кешенді диагностикадан өткізеді, ол балада диагноздардың болуы мен жалпы білім беретін мектепте оқу мүмкіндігін немесе басқа да баламалы жағдайда білім алу жолдарын ұсынады.
Соңғы жылдардағы экологиялық,экономикалық және басқа да жағымсыз әлеуметтік факторлар балалардың физикалық, психикалық жағдайларының айтарлықтай өзгеруіне алып келді. Осыған байланысты дамуында, мінез-құлқында және оқу-тәрбиесінде проблемалары бар балаларға көмек көрсететін психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік қызметтің мәні арта түсті.
ПМПК баланың мәселесін ведомствоаралық деңгейде шешеді, бұл ретте әртүрлі ведомство: білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мамандарының күшін біріктіреді.«Тараз қалалық психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациясы» да облыстағы бiлiм беру, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қорғау, қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда ерекше қажеттілігі бар жас ұрпаққа сапалы арнайы білім, тәрбие беру және түзете -дамыту мәселелерін дер кезінде шешупсихологиялық – медициналық – педагогикалық консультациялары мамандарының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуін талап етеді. Осы орайда психологиялық – медициналық – педагогикалық консультация мамандары өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтынын «Тараз қалалық психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациясы» ұжымы көрсетіп келеді.
-Бұл мекемеде қызмет ететін мамандардың жүргізетін негізгі жұмыстарына не кіреді? Қызметтерінің ерекшелігі қандай?
-«Тараз қалалық психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациясының арнайы мамандары бірлескен психологиялық-медициналық-педагогикалық қолдау шараларының кешенін анықтай отыра, жалпы білім беретін мектепте балалардың осы құрамын сақтауға, әлеуметтік тұрғыда бейімделуге, денсаулық жағдайын жақсартуға мүмкіндіктерді ашады, ал мектеп жасындағы баланы неғұрлым ерте анықтап, түзеу көмегін алуларына ертерек ықпал ете отыра, аталған категориядағы балалар мектепте үздік көрсеткіштерге жетуіне көп еңбек сіңіріп келеді.
Адамның кәсіпқойлығының қажетті құраушысы кәсіби құзыреттілік болып табылса, кәсіби біліктілік – арнайы саладағы жағдайға және оның талаптарына сәйкес әрекет ете алу қабілеті мен дайындығы жоғары басшы болуы шарт. Бүгінгі күнде осы қасиеттерге ие «Тараз қалалық психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациясы» ұжымын басқарып отырған Сейдазимова Ләззат Қабылбекқызы туралы айтуға болады. Ләззат Қабылбекқызы арнайы дефектологиялық жоғарғы білімі бар, білікті, педагог –шебер. 30 жылдан аса осы салада еңбек етіп келе жатқан маман, тек өз ұжымына емес, облыстағы арнайы педагогтарға да берер кеңесі мен тәжірибесі мол.
Мекемедегі арнайы мамандар мен дәрігерлердің біліктілігін жоғарылатуда, кәсіби шыңдалуына да серпін беріп келеді. Мекемеде 11 арнайы педагог, 4 дәрігер қызмет атқарса, олардың басым көпшілігінің біліктілігі жоғары, арнайы білім беру саласында 20 жылға жуық қызмет істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Атап айтсақ, 11 арнайы педагогтардың 1-і шебер, 1-і зерттеуші, 6-ы сарапшы, 2-і модератор болса, дәрігерлердің 2 –і жоғарғы санатты білікті мамандар. Соңғы үш жылда мекемедегі мамандардың іс-тәжірибесін жинақтау, тарату мәселесі де қолға алынған.
Тараз қалалық ПМПК мамандары республика, облыс аумағында түрлі іс-шаралар, семинар-кеңестер, шебер-сыныптар өткізіп отырады. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы мектепке дейінгі , арнайы, жалпы білім беретін мекемелердегі педагогтар мен басшыларына білім беру мекемелерінде даму мүмкіндігі шектеулі балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау, оқу бағдарламаларын бейімдеу және психологиялық-педагогикалық қолдау, ерекше қажеттіліктерін бағалау, сондай-ақ, оқу бағдарламасын бейімдеу, оқу жоспарларын жалпы білім беретін мектептерде қолдану, іске асыру бойынша кеңестер беріп, іс-тәжірибелерімен үнемі бөліседі. Мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау, диагностикалау бойынша арнайы педагогтардың әдістемелік-нұсқаулықтар, авторлық бағдарламалары соңғы үш жылда жарық көріп, облыс, республика деңгейіндегі мамандар қолдануда.
-Мамандардың бүгінгі таңда қандай жетістіктері бар?
-Жетістіктеріміз аз емес. Мысалы, ҚР оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» ұйымдастыруымен үшінші жыл өткізіліп келе жатқан «Арнайы білім беру мекемесінің үздік маманы» конкурсының 2022 жылғы облыстық турында логопед М.Ахметова 2 орынды иеленсе, 2023 жылғы конкурста тифлопедагог К.Конысбекова облыстан жеңіп шығып, Респуликалық конкурстан «Үздік ПМПК маманы» жүлделі ІІІ-і орынды иеленді. Ал биылғы өткізіліп отырған «Арнайы білім беру мекемесінің үздік маманы» конкурсына педагог-психолог Р.Ималахова қатысып, облыстағы «Үздік ПМПК маманы» аталымы бойынша 2 орын иегері атанды. Сондай-ақ, жұмыстағы жоғары көрсеткіштері, озық тәжірибесімен көзге түскен арнайы педагогтар түрлі Республикалық облыстық деңгейдегі марапаттарға ие болуда. Атап айтсақ, 2020,2021 жылдары мекеме басшысы Л.Сейдазимова Білім және ғылым министрінің, ҚР оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» «Құрмет грамоталарымен», 2022 жылы педагог-психолог Т.Ли, олигофренопедагог Б.Орманова Білім және ғылым министрінің «Алғыс хатымен», әлеуметтік педагог Ф.Жарылкасынова, Р.Ималахова облыстық білім басқармасы басшысының «Құрмет Грамотасымен» марапатталса, 2023 жылы педагог-психолог А.Тоғаева облыс әкімінің «Құрметграмотасына» ұсынылып марапатталды. Сонымен қатар, «Жамбыл облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсподағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет Грамоталарымен» логопед А.Ауезова, педагог-психолог Х. Асанова,сурдопедагог Қ.Абдыкадырова, олигофренопедагог Д.Жақановалар марапатталған.
Мекемедегі әр маманның мүмкіндігі шектеулі балалардың болашағына бейжай қарамайтыны анық, әсіресе олардың диагнозын нақтылау немесе диагноз қою, емдеу мен оңалтуға дұрыс бағдар беріп отыру-дәрігерлердің міндеті болса, бұл міндетті жоғары деңгейде атқарып отырған дәрігерлердің ерен еңбегі деп айтуға болады. Дәрігер-психиатрлар С.Истратова, А.Жылқайдарова, дәрігер-невролог С.Ихсанова, офтальмолог А.Сейткасымовтардың жетістіктерін атап айтып кетуге болады. Сонымен қатар, мекемедегі статист А.Толқынбаеваның да қызметі маңызды. Оқу-ағарту министрлігіне жылына бір рет берілетін Тараз қаласындағы 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балалардың бұзылудың 8 категориясына талдап, әр жас мөлшерін нақтылап, есебін беріп келеді.
Тараз қалалық ПМПК мамандары өздерінің кәсіби шеберлігін шыңдауда да талмай еңбектенеді. ҚР оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, Жамбыл облысы «Өрлеу» кәсіби даму институтының білім жетілдіру курстарын үш жылда бір рет үздіксіз білімдерін жетілдіруде. Жамбыл облысы«Өрлеу» кәсіби даму институты әкімшілігінің өтініші бойынша Тараз қалалақ ПМПК басшысы Л.Сейдазимова «Арнайы білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие және түзету процесін ұйымдастыру», «Жалпы білім беретін мектептердегі педагог-ассистенттің құзіреті» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курстарының тренері болып, облыстағы арнайы білім беру мекемелері мамандарының да біліктілігін көтеруге ат салысуда.
Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – елдегі басты мәселенің бірі. Арнайы білім берудің әрбір сатысы мемлекеттің және қоғамның дамуының нақты кезеңімен қатар жүруі тиіс. Тараз қалалық ПМПК мамандары өмір, теңдік адамзатқа бірдей берілген ұғым екенін қалыптастырып, мүмкіндігі шектеулі балаларға қашан да қолайлы орта туғызуды көздейді.Мүгедектігі бар балалардың қоғамның толыққанды мүшесі болуына, білім беру және оларға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан бірден –бір үлгілі арнайы мекеме екенін ауыз толтыра айтуға болады.
Сұхбат Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясаты тапсырысы негізінде жарияланды