Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының жұқпалы аурулар құрылымының жансақтау бөліміне өте ауыр жағдайда санитарлық авиция желісімен Мойынқұм ауданынан жеткізілген 28 жастағы жүкті әйел шұғыл түрде жатқызылды.
Компьютерлік томография мен талдау-сараптау қорытындылары бойынша оған коронавирус және ауыр дәрежелі өкпенің 88% зақымдануымен екі жақты вирустық пневмония диагнозы қойылды.
Медицина қызметкерлері бір айдан аса реанимация бөлімінде науқастың өмірі үшін күресті. Ана мен бала денсаулығы мен өмірін сақтап қалу үшін барлық жағдайлар жасалды.
«Өміріне қауіп төнген ана бүгінде кесар тілігі арқылы аман-есен тұңғышын босанды. Нәрестенің салмағы – 3400 грамм. Шақалақтан сынама алынды, нәтижесі сәбидің коронавирус жұқтырмағанын көрсетті. Бірақ, босанғаннан кейін науқастың жағдайы нашарлап кетті: сатурациясы төмен, температурасы жоғары, өздігінен дем ала алмайды, интоксикация синдромы өзгеріссіз. Бірнеше рет консилиумдар жүргізілді, нәтижесінде экстракорпоралды мембраналық оксигенация аппаратына қосылды», — дейді босану бөлімшесінің меңгерушісі Қымбат Абдраимова.
Ауыр жағдайына қарамастан әйел дені сау ұл баланы дүниеге әкелді. Дәрігерлер мен медбикелер ана мен баланы қатаң бақылуға алып, емдеп, ерекше күтім жасаудың арқасында, көп ұзамай реанимациядан бейінді бөлімшеге ауыстырылады. Аурухана мамандарының топтасып жұмыс істеуінің арқасында науқастың жағдайы жақсарып, гемодинамикасы тұрақтанып, өз бетінше тыныс ала алатын жағдайға жетеді.
«Біз жаңа босанған анаға жақынымыздай алаңдадық. Ол кісінің жұбайының бізге толық сенім артып, жақсылықтан үміттенгені бізге қосымша күш берді», — дейді емдеуші дәрігер-инфекционист Елена Пак.
Төтенше режимде жұмыс істеуге дағдыланған аурухананың жоғары білікті мамандары бірден екі адамның өмірін сақтап қалды.
«Менің ауыр халіме қарамастан, ана болу бақытын сыйлаған осы аурухананың ұжымына алғысымды білдіремін. Алдарыңызда басымды иемін. Сіздер шынымен мықты екенсіздер, адал еңбектеріңізді көрдім. Көрсетілген көмектеріңіз бен кәсібиліктеріңіз үшін мың алғыс» — дейді ол.
Жыл басынан бері ауруханаға COVID-19 жұқтырған 197 жүкті әйел және 37 босанған әйел келіп түсті. 72 жүкті және босанған әйел жансақтау бөлімінде емделіп шықты. Сондай-ақ бұл мекемеде 52 әйел дені сау балаларды дүниеге әкелді.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі