Қазақстан – ұлан –байтақ өңірдің мекендеп жатқан қазақ халқының және онымен тарихи тағдыры бір арнада тоғысқан барша ұлт пен ұлыстың ортақ Отаны. Барлық ұлт пен ұлыстың ортақ мақсатқа бір кісідей жұмылуы — жақсы дәстүріміз. Елдегі татулықтың үлгісін ең алдымен бұл жердің ежелгі иесі — қазақ халқы көрсетіп, бүкіл ел – жұртқа ұйытқы болып келеді. Тәуелсіздік туын қолда берік ұстау — әрбір Қазақстан азаматының биік мақсаты, басты борышы. Оны құқықтық мемлекетке, демократияшыл қоғамға тән заңдылық қағидаларын қатаң сақтағанда жүзеге асыра аламыз. Мұның бірінші шарты Конституцияны білу, сақтау, қадірлеу болса керек. Сонау Әз – Тәукенің заманында да қазақ қауымының дәуірлеуі заңды жоғары ұстауына, сол заманға сай мықты заң құжаттарын шығара алуына және соның талаптарына жүгінуіне байланысты болғанын бәріміз де білеміз.
Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде тәуелсіздікті нығайтуға, заңдылықты сақтауға байланысты қыруар іс тындырды. Мысалы ол 1993 жылы атақты Ордабасыдағы өткен тарихи жиында былай деген еді: «Қазақстандықтар бұрынғы құқықсыз өмірден біржола бас тартты, өзінің әлеуметке бағдарланған нарықтық экономикасы және жаңа қоғамдық қарым – қатынастары бар күшті егемен мемлекетін құруға кірісті. Қоғамымыздың ең қастерлі қазынасы – адам болып табылады, оның құқығы мен бостандығына кепілдік беріледі деп заң жүзінде жарияладық, Республикадағы барша халықтың тең құқылығы қамтамасыз етіледі деп кепілдік бердік. Тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясы біржола тиянақтаған бұл тұжырымдар біздің қоғамдық прогресс бағытымен дамуымыздың негізі болуға тиіс».
Кейінгі жылдарымыздағы қалыпты даму жолдарымыздың бір бастауын осы қағидалардың жүзеге асуынан деп білсек артық кетпеген болар едік. Бүгінгі Қазақстан бүкіл әлемге экономикалық жағынан қуатты, қоғамдық – саяси ахуалы тұрақты мемлекет ретінде танылуы соның арқасы.
Біздің еліміз — Қазақстан мемлекеті 1992 жылдың наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне өтіп, дүниежүзілік қауымдастықтағы тәуелсіз мемлекеттердің біріне айналды. Содан бері демократиялық, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам құруды бастады, сондықтан құқықтық жүйені елде жүріп жатқан түбегейлі экономикалық және саяси-әлеуметтік реформалар талаптарына ғана байланысты емес, бүкіл құқықтық жүйесін жалпы жұрт таныған халықаралық құқық нормаларына сәйкестендіруге ұмтылды
Тәуелсіз еліміздің 90 жылдардан бергі даму ерекшеліктеріне байланысты конституциялық заңнама үнемі жетілдіріліп, бірқатар өзгерістерге ұшырап келеді. Мұның бәрі мемлекетіміздің бір формациядан екінші формацияға ауысуына, нарықтық экономика ерекшеліктеріне, ұлттық жаңғыруға, тоталитарлық жүйеде қалыптасқан түсініктер мен ұғымдардан арылу процесіне , демократиялық құндылықтардың санаға бірте – бірте сіңуіне, көп ұлтты мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты болғанын айтуымыз керек.
Жалпы алғанда конституциялық заңнаманың өзі бір қалыпта қалуы мүмкін емес. Көптеген мемлекеттердің саяси тарихы мен тәжірибесі соны көрсетеді. Бұл жерде тұрақтылығы, ілгерішілдігі жөнінен үлгі ретінде ұсынылып жүрген АҚШ-тың Конституциясын мысалға алуға болады. 1787 жылы қабылданған Қонституцияға араға төрт жыл салып, 1791 жылы алғашқы өзгерістер жасалды. Бұдан кейінгі кезеңдерде де көптеген түзетулер енгізілді. Дәлірек айтқанда 1795, 1804, 1865, 1868, 1870, 1913, 1919, 1920, 1933, 1951, 1961, 1964, 1967, 1971 жылдары түрлі деңгейдегі өзгерістерге ұшырапты. Басқа елдердің тәжірибесінен де мұндай мысалдарды табу қиын емес.
Әрине тәуелсіздік жылдарында Конституциямыздың жиі өзгерістерге ұшырауы тәуелсіз жас мемлекеттің даму ерекшеліктеріне, әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болуға ұмтылысына, нарықтық экономикаға көшу қиындықтарына, тоталитарлық жүйеде қалыптасқан түсініктер мен ұғымдардың санаға бірте – бірте сіңуіне, демократиялық құндылықтардың бірте – бірте орнығуына байланысты деп білу керек. Жалпы алғанда конституциялық заңнаманың өзі бір қалыпта қалуы оңай емес, тұрақты Конституцияға ие болу үшін өтпелі кезеңдерді бастан өткеруіміз қажет еді. Бұл процесс әлі де жүріп жатыр. Конституциялық заңнаманың осылайша ілгері дамуы бүгінгі өмір шындығы.
Қазақстан Республикасының Конституциясы адам құқығы жөніндегі халықаралық құжаттардың негізгі ережелері мен идеяларын қабылдады және оларды мемлекеттің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып бекітті. Конституцияда мемлекеттің адамға және азаматқа қарым – қатысы жөніндегі ереже бекітілді. «Адам құқығы мен бостандығын әркім туған күнінен бастап иеленеді, ол шектеусіз және ажыратылмас болып танылады, заңдардың және басқа да нормативтік актілердің мазмұны және қолданылуын айқындайды» (12 баптың 2 пункті). Адамның осынау табиғи құқығын мемлекеттің мойындауы Конституцияның «Адам және азамат» деп аталатын екінші бөлімінің мазмұны мен бастауын айқындап тұрады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы адамның және азаматтың құқықтары негізіне оның құқықтық мәртебесін жүзеге асыратын, бекітетін және негізге алатын қағидаларды жатқызады. Бұл қағидалар мыналар:
— Адам құқығы мен бостандығы ажырамастығы.
— Конституцияның құқықтар мен бостандықтарды асыра пайдалануға тыйым салуы.
— Конституциялық құқықтар мен бостандықтарды заңсыз шектеуге тыйым салынуы.
— Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығы тікелей әрекет етуі.
— Адам мен азаматтың құқықтық мәртебесінің маңызды қағидасы олардың теңдігі болып есептеледі.
— Заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің мазмұнын және қолданылуын адамның конституциялық құқықтары және бостандығымен қамтамасыз ету қағидасы.
— Адамның және азаматтың құқығының, бостандығының және міндеттерінің бірлігі және бөлінбестігі
Біздің еліміз де, кешегі Кеңес Одағынан тараған басқа мемлекеттер де демократиялық, құқықтық мемлекет орнату мақсатында адам құқығына жете мән беріп, халықаралық құжаттардың негізгі идеялары мен ережелерін қабылдады. Өйткені халықаралық қауымдастықтың белді мүшесі ретінде басқаша болуы мүмкін емес еді. Қазіргі кезде адам құқығына байланысты халықаралық құқықтық актілердің тұтас кешені жұмыс істейді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы (1 – баптың 3 пункті) мемлекеттерді өз жерінде тұратын барлық адамдардың негізгі құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етуді, оларды қандай да бір кемсітуге жол бермеуді міндеттейді. Осы мәселелерге байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының шеңберінде бірқатар құжаттар қабылданған. Олардың қатарына «Адам құқығының жалпыға ортақ декларациясы» (1948 жыл), «Адамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары жөнінде», «Адамның азаматтық және саяси құқықтары жөнінде» (1966 жыл), «Бала құқықтары декларациясы» (1959 жыл), «Әйелдердің саяси құқықтары жөніндегі конвенция» (1954 жыл), тағы басқалары жатады.
Қорытындылай келе бүгінгі біздің Ата заңымыз қоғамдық келісімді, адам мен азаматың құқықтарының сақталуына кепілідік беріп, ммелектімізді әлемнің 30 дамыған еліні қатарынан көрінуге жол ашқан басты құжат екенін айтуымыз керек.
Осы орайда баршаңызды еліміздің қасиетті мерекелерінің бірі әрі бірегейі –Конституия күнімен құттықтап, елімізге тыныштық, мемлекетімізге дамып, өркендеу, әр азаматына бақытты ғұмыр кешуді тілемекпін.