Кітап оқитын жастар қатары артуда
Шығыс шайыры Ә.Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына» деген болатын. Ақпараттық жаһандану заманында осы асыл қазынамызға үңілетін жастардың қатары сиреді дегенді де жиі естиміз. Алайда, жыл өте бұл тәмсілді жамбылдық жастар жоққа шығаруда.
Бұған дәлел, дүйсенбі күні Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының ұйытқы болуымен өткен «Кітап Talks» тақырыптық кеш. Жыл сайын аталмыш партия жастарының мұрындық болуымен аймақ өскелеңдерін кітап оқуға үндейтін шаралар көрініс табуда. Биылғы жылы ерекше форматта бастау алған шараның мақсаты – Теd форматындағы лекциялар арқылы жастарды кітап оқуға, бос уақытты тиімді пайдалануға және әлемге әйгілі жазушылардың шығармаларымен танысу.
–World Culture Score Index-тің статистикасына сүйенсек, әлемдегі ең көп кітап оқитын ел үндістан екен. Үнділерді орташа есеппен алғанда бір күнінің 10 сағат, 42 минуты кітап оқумен өтетін көрінеді. Одан кейінгі орында Тайланд, ал үшінші орын қытайлықтардың еншісінде. Өкінішке орай, біздің қазақстандықтар бұл тұғырнамаға еңбепті. Міне, осындай олқылықтардың орнын толықтыру мақсатында облыс жастарының басын біріктіріп, кітапқұмарларымыздың санын арттыру, – дейді Партия облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек. Берері мол басқосуда жастар да өздері оқыған кітап жайлы, одан алған әсері туралы ой өрбітті.
Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ