Әкімшілік іс – әкімшілік рәсімді жүзеге асыру барысы мен нәтижелерін және сотта жария-құқықтық даудың қаралуын тіркеп-бекітетін материалдар.
Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай ҚР ӘРПК) 131-бабына сәйкес, әкімшлік сотта дау айту туралы талап қою, мәжбүрлеу туралы талап қою, әрекет жасау туралы талап қою, тану туралы талап қоюлар негізінде қозғалады.
Әкімшілік процеске қатысушылардың құрамы талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор әкімшілік процеске қатысушылар болып табылады. Әкімшілік іске қатысатын өзге де адамдар куә, сарапшы, маман, аудармашы.
ҚР ӘРПК-ның 77-бабының 1-бөліміне сәйкес, әкімшілік істі қарау нәтижелері бойынша әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірі шығарылады.
Сот әкімшілік процеске қатысушылардың арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеу, түсініктемелерін тындау мақсатында алдын ала тыңдау және сот отырысын тағайындайды.
Сот отырысы тағайындалған күннен бастап, сот отырысы хатшысының белсеңді жұмысы орын алады яғни, әкімшілік рәсімге қатысушыны өткізілетін тыңдаудың орны мен уақыты туралы хабардар етеді. Әкімшілік іс бойынша жолданылатын хабарламалары мен шақырулары іске қатысушы адамдарға, сондай-ақ куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі арқылы, сондай-ақ хабарламаны немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып хабарлама жолданады. Егер сотқа хабарланған мекен-жай бойынша тұлға іс жүзінде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орны бойынша жіберілуі мүмкін. Сонымен қатар, сот отырысының хатшысы үш жұмыс күні ішінде жауапкерге және үшінші тұлғаларға азаматтық және әкімшілік талап қоюшының талаптарын негіздейтін құжаттардың көшірмелерін жібереді.
Тараптардың сот отырысына толықтай қатысуы әкімшілік істің дұрыс және жылдам шешілуіне маңызды ықпал етеді. ӘРПК-ның 138-бабының 5-бөліміне сәйкес, судья жауапкерді Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің талаптарына, әкімшілік іске (бар болса) сәйкес дайындалған және ресімделген жазбаша пікірді он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде беруге міндеттейді. Сот отырысының хатшысы жауапкерлердің белгіленген мерзімде пікір өткізуін қадағалау мақсатында телефон шалып немесе хат арқылы ескертулер жасайды. Себебі, пікірді белгілеген мерзімде ұсынбау жауапкерге ақшалай өндіріп алуды қолдану үшін негіз болып табылуы мүмкін. Сот отырысы бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген жағдайда сот отырысы хатшысының іс-әрекеті сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану қағидаларымен және оларға қойылатын талаптармен реттеледі.
Сот отырысының хатшысы әкімшілік істер бойынша ic қаралып, сот актілері шығарылғаннан кейін үш жұмыс күннен кешіктірмей сот актілерінің көшірмелерін тараптарға жолдау қажет.
Сот отырысының хатшысы ӘРПК-ның 75-бабынының 1-бөліміне сәйкес, әкiмшiлiк рәсімге қатысушыға әкімшілік іс қаралғаннан кейін өтінішхат мәлімделген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкiмшiлiк іс материалдарымен танысу мүмкіндігін беруге тиісті. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының 2021 жылғы «14» маусымдағы № 6001-21- 7-6/212 өкімімен бекітілген Ауданаралық және оған теңестірілген сотта іс қағаздарын жүргізу ережесінің 9-тарауына сәйкес, сот отырысының хатшысы әкімшілік істер бойынша сот ісіне қатысушыларға құжаттарды іске хронологиялық тәртіп бойынша тігеді, істің парақтарын нөмірлейді және өзінің қолтаңбасын қойып, істегі материалдардың тізімдемесін жасайды немесе бар тізімдемені жалғастырады, сот отырысының қысқа хаттамасына дыбыс-бейнежазба дискісін қоса тіркейді, ол іспен бірге сақталады, сот актілері заңды күшіне енгеннен кейін атқару құжаттарын, орындауға жібереді, сот ісіне қатысушыларға заңды күшіне енбеген сот актілерінің көшірмелерін береді, сот актісі заңды күшіне енген кезден бастап үш күндік мерзімде оны орындау үшін жөнелту жөнінде әрекеттер жасайды, әкімшілік істердердің орындалмаған сот актілері бойынша бақылау жүргізеді және белгіленген тәртіппен ресімделген істерді соттың кеңсесіне өткізеді.
Сот отырысының хатшысына жоғарыда көрсетілген міңдеттерді уақытылы және кәсіби деңгейде орындау оңайға соқпайды. Осыған қарамастан, сот отырысының хатшылары өз міндеттеріне мұқият болып, жауапкершілікпен атқару үстінде.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты кеңсесінің бас маманы – сот мәжілісінің хатшысы Тұрмаханова А.