Жәбірленуші Элмурад Полатовтың айтуынша, оқиға өткен жылдың қаңтарында көкпардан кейін болмашы бір сылтаудан басталған. Қарабұлақ ауылында тұратын бір топ жігіт оның інісін, өзін және әкесін жабылып ұрып кеткен.
Полатовтың сөзінше, бір топ адам әуелі інісі мен ер адамның әкесі шабуыл жасап, көлікке күштеп салып жатқан. Сол сәтте Полатов пен әкесі сыртқа шығып, жағдайды тоқтатуға тырысып, кешірім сұраған. Екі тарап татуласып, оқиға сол жерде аяқталғандай болған. Алайда, жарты сағаттан соң Полатов отбасымен бірге үйінде шай ішіп отырған кезде, әлгі ер адамның баласы тағы бір топ жігітпен келіп, төбелес бастаған. Оның айтуынша, жігіт: «Сенің інің менің әкемді боқтап, балағаттады» деп інісіне шапқан. Сол жерде жиналған 20 шақты адамның қолында дубинка, таяқ және басқа да заттар болған.
«Біз аулаға шыққанда олар бір ауыз сөзге де келмеді. Інім мен әкем үшеумізге жан-жақтан бас салып қолдарындағы қаруларымен ұра бастады. Қолдарында пышақ та болды. Сол арада біреуі мені ұстап алып, желке тұсыма пышақтың ұшын кіргізді. Арт жақта біреу: «Бауызда, сой, өлтір» деп айқайлады. Сол кезде мен басымды тартып қалғанда пышақ менің иегімді тіліп кетті. Оған қоса басқа да көптеген дене жарақаттарыммен қоса мұрным да сынды. Ақыры мені ұруын қоймаған соң, көршім «мені өлтіріп алады» деп қорқып, алып кетті. Үйіне апарып тығып қойды. Сонда да әлгілер көшені аралап, «өлтіреміз» деп іздеді», – дейді Полатов.


Жәбірленушінің айтуынша, оқиға орнынан жедел-жәрдемді осы досы шақырған екен. Сол жерде Елмурад Полатов қана емес, інісі мен әкесі де өте көп дене жарақаттарын алған. Бастапқыда Сайрам аудандық полиция департаментінде 107—баптың 2-тармағымен, яғни «денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» және адамдар тобы, «алдын ала сөз байласу» арқылы келген деп іс қозғалады. Ал қазір 108-баптың 1-бөлігімен «денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат салу» бабымен іс жалғасып жатыр. Баптың ауысып кетуі сраптама қортындысына байланысты екен. Оған қоса, қаңтарда болған оқиға әлі күнге созылып келеді. Іс бір-екі рет қысқарған екен.
Алайда, Orda.kz тілшісіне жәбірленушінің адвокаты Нұртуған Өмірзақ: «іс қысқармаған да болуы мүмкін, тек олар бұны созбалаққа салып келеді» деп айтты. Қазіргі таңда Полатовтың айтуынша, тергеуші: «егер кешірім бермесең, өзіңе де сол бап бойынша іс қозғап соттаймыз әрі сенің сотың бірінші болады» деп айтқан екен.
Адвокаттың айтуынша, іс кем дегенде «бұзақылық» бабы бойынша өтуі керек. Себебі пышақпен, дубинкамен арнайы келісіп дайындалып келуі, оқиға орнында асқан менмендікпен көшеде жәбірленушіні сүйрегені және ұрғаны бар.
«Басында 107—баптың 2-тармағымен, яғни «денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» және адамдар тобы, «алдын ала сөз байласу» арқылы келген деп іс қозғалады. Артынша 108-бап бойынша, яғни «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» бабымен қаралып жатыр екен. Медициналық сараптама Полатовқа алған жарақаты жеңіл дейді де, ал ұрған кісіге ештеңе болмаған деп сараптаманы жазып берген. Сонымен қатар, бұл жерде Элмурадтан басқа жәбірленуші ретінде інісі де іске тіркелуі керек еді. Алайда, тергеуші сол жерде жүрген 20 шақты адамды да теркемеген. Тек іске әлгі төбелесті бастаған адам мен бірге тағы бір тұлға ғана тіркеген. Оған қоса істе қозғалып отырған бапты та негізсіз деп санаймын. Бұл жерде екеуі жәй ғана үйде отырып, артынша ерегісіп, төбелесіп кеткендей қылып көрсеткісі келеді», – деді адвокат
Сондай-ақ, Полатовтың айтуынша, тергеуде оған қысым көрсетіліп, төбелесті өзі бастады деп жаздырған.
Сонымен қатар, басында ешбір жарақаты болмаған шабулдаған ер адам арада үш ай өткен соң дене жарақаттары болды деп медициналық сараптама жасап алған.
«Қазір тергеуші маған егер кешірім беріп, медиацияға бармасаң, өзіңе де іс қозғаймыз деді. Ал әлгі мені ұрған кісі сенен кешірім де сұрамаймын, сотталсақ бірге сотталамыз деп айтты маған. Қазіргі таңда сол кезде басымнан алған жарақатымнан есте сақтау қабілетім нашарлады. Жұмысымнан да шығып кеттім», – деді жәбірленуші.
Редакция жағдайды бақылауда ұстап отыр және жаңа мәліметтер пайда болған жағдайда қосымша ақпаратпен бөлісетін болады.