Әйелдердің құқықтық жағдайының бұзылуы қазіргі таңда олардың нақты тең құқықтық жағдайын қамтамасыз ету жолындағы ең күрделі күресіне жатады. Біздің қоғамда әзірге кең көлемде қолдау көрмей жүрген әйел құқығын қорғау саласында негізгі осы заманғы мәселелердің бірі әйелдерді қоғам өмірінде екінші кезектегі орын алатын теңсіз құқықты субьекті ретінде бағалайтын қоғамдық сананың кертартпалығы болып табылады.
Әйел құқығы — ол адам құқығы, олар әйелдердің әлеуметтік, экономикалық, мәдени, азаматтық және саяси мәртебесін белгілейді. Олар әйелдердің кемсітуге ұшырамауына кепілдік береді.
Әйелдер құқығы жөнінде Конвенция (бұдан әрі ӘҚЖК) қабылданған. Бұл Конвенция әйел құқығы үшін құқықтық негізді белгілейді және әйелдер теңсіздігін өмірдің барлық саласы бойынша дамытады. Олар мемлекетті әйелдерге қатысты кемсітуді болдырмау үшін заңнамалар мен саясатқа өзгерістер енгізуіне міндеттейді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп мәлімденген.Қазақстан Республикасы Констиутциясының 24-бабының 2-бөлігіне және «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Заңның 4-бабының 1-бөлігіне сәйкес әрбір азамат өзінің еңбек құқығын ешбір шектеусіз жүзеге асыруына тең мүмкіндікті иеленеді. Демократиялық, азаматтық және саяси институттар өзінен-өзі жұмыс істеп кете алмайды. Олар қазіргі заман қоғамының сұрақтарына жауап қайтара алатын әлеуметтік, экономикалық, саяси бағыттардан терең хабары бар адамдарға мұқтаж. Қазіргі заманғы шешімдерге қоғамдық істерге белсенді қатысатын, өздерінің құқықтарын пайдалана алатын және өздерінің ұлттық, мемлекеттік бірлестіктің мүшесі ретіндегі міндеттерін орындай алатын азаматтар қажет. Қазіргі заманғы демократиялық жүйелерде әртүрлі топтарда ұйымдасқан мүдделер қозғалысына байланысты саяси қатысудың мәні зор. Осындай ірі әлеуметтік топтардың бірі әйелдер болып саналады. Біріншіден, әйелдер қоғамда айрықша орны бар әлеуметтік бірлестік болып көрінеді, немесе әлеуметтанушылардың айтуы бойынша әйелдер социумын құрайды. Оны тек жыныс белгісі ғана емес, сонымен бірге олардың әлеуметтік қатынас жүйелігіндегі белгілі жағдайы біріктіреді. Әйелдердің көптеген халықаралық құжаттарда да, сонымен қатар біздің елдің заңында да бекітілген өздерінің құқықтары, міндеттері, мүдделері бар. Екіншіден, әйелдер саяси күштің дәстүрлі обьектісі ғана емес, сонымен бірге субьектісі, қозғаушысы да. Әйел социумы жалпы елдің саяси өміріне кең ауқымды мүмкіндігін ғана емес, атап айтқанда нақты саяси жағдай да ықпал ете алады.Үшіншіден, әйелдер біртіндеп бұрынғыдан әлдеқайда анық әлеуметтік мәртебеге ие болуда. Ол әйелдердің жалпы қоғамдағы, өндірісі, басқару мекемелеріндегі, отбасындағы орнын бекіте бастады.
Әйелдердің еңбек етуінің статистикасына қарасақ ,Қазақстанның халық шаруашылығының негізгі салаларына әрбір оныншы әйел санитарлық-гигиеналы нормаларға сай келмейтін жағдайларда еңбектенуде, 138 мыңға жуығы түнгі ауысымда жұмыс істесе, әр жүзінші әйелге ауыр физикалық еңбек жүктелеген. 40 мыңға жуық әйел шу мен вибрацияның жоғары деңгейінде, 64 мыңы ауасы лас және шаң жағдайда, 26 мыңы қолайсыз температурада жұмыс істейді. Негізі ҚР Еңбек туралы Заңының 186 бабының 1,2 бөлігіне сүйенсек, Әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізіміне сәйкес әйелдердің еңбегін ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда пайдалануға және әйелдердің өздері үшін белгіленген шекті нормалардан асатын жүкті қолмен көтеруіне және жылжытуына тыйым салынған болатын.Тап осы көріністі әйелдердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қорғау саласына мемлекет пен заң шығарушы тарапынан тиісті көңіл бөлінбеудің салдары десекте болады. Әйелдерге тек еңбек етуге ғана емес, сондай-ақ бұл құқығын толық, жан-жақты жүзеге асыруына мүмкіндік беру қажет. Тамырымен жоймасақ та, әйелдердің еңбек қызметін жүзеге асыруына кері әсер ететін мән-жайларды барынша азайтуға шаралар қолдану қажет. Жұмысшы әйелдердің ерекше бір санаты — бұл жүкті әйелдер және жас балалары бар әйелдер. Қазақстан Республикасының заңнамасында олардың құқығын қорғайтын кейбір шаралар қарастырылған.«Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Заңына сәйкес жүкті әйелдердің медициналық қорытындыға сәйкес ауыр және қолайсыз өндірістк факторлардың әсері болмайтын басқа жұмысқа бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысы сақтала отырып ауыстырылуы және жүкті әйелдерді түнгі уақытта жұмысқа тартуға олардың келісімімен ғана жол берілетіндігі қарастырылған. Аталған нормалар кеңестік заңнамада алғашқы қабылданған сәттен айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған. Еңбек туралы заңдар Кодексіне сәйкес жүкті әйелдер түнгі уақытта жұмысқа жіберілмеген, оларды орташа жалақысы сақтала отырып жеңілірек жұмысқа ауыстырған. Сонымен бірге, жүкті әйелдерге айтарлықтай мөлшерде жеңілдіктер қарастырылған. Нарықтық экономика мен жұмыссыздықтың өсуі, еңбек ресурстарының үлкен мөлшері, өндірістің өсу деңгейінің төмендегі жағдайында жүкті әйелдерге түнгі уақытта еңбектенуге тыйым салу дәстүрлі әйелдер саласында еңбектенуді таңдау мүмкіндігін шектейді. Сондықтан жүкті әйелдерге олардың келісімімен түнгі уақытта еңбектенуге рұқсат беруді жақсы жетістікке жатқызуға болады.
Қазақстан Республикасында әйелдерге жүктілігі мен босануы бойынша босанғанға дейін ұзақтығы жетпіс күнтізбелік күнге, босанғаннан кейін елу алты (ауыр босанаған немесе екі не одан да көп бала туған жағдайда жетпіс) күнтізбелік күнге демалыс беріледі. Есептеу жиынтықтап жүргізіледі және демалыс әйелдің ұйымда жұмыс істеу ұзақтығына қармастан, жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүктілігіне және босануы бойынша осы кезеңге төленген жәрдемақыны босанғанға дейін нақты пайдаланған күндерінің санына қармастан оған толық беріледі. Елімізде әйелдер әлеуметтік қамсыздандыру жағынан ерлермен тең құқықтық дәрежеде. Ұлттық деңгейде ел саясатының ең бастысы, адам құқығын қорғау саласы болып табылады. ҚР Конституциясының 14-бабында: «Ешкім де шығу тегіне, әлеуметтік қызметіне, мүліктік жағдайына, жынысына, ұлтына, дініне, тіліне, тұрған жеріне т.б. ерекшеліктеріне қарай қандай да болмасын кемсітуге болмайды». Осындай құқықтардың іске асырылуы әйелдерге білім алуда, мамандыққа даярлануда, қоғамдық-саяси қызметке және өзге де жағдайларға ерлермен тең дәрежеде мүмкіндіктер береді. Саяси салада әйелдердің жан-жақты дамуын, прогреске жетуін қамтамасыз ететіндігі Конституцияда айтылған. ҚР Президенті Н.Ә Назарбаев осы салада: «Әйелдердің эмансипациялау (тәуелділіктен ,бағыныштылықтан соқыр сенімнен арылту,босату) деңгейіне қарай қоғамның әлеуметтік, саяси деңгейі сынға алынады. Әрбір әйел еңбек жолын, кәсіпкерлік қызметті таңдауда, әлеуметтік және рухани өмірде бостандыққа ие, өз еркімен таңдау жасай алады. Сондықтан да Қазақстан заңдары және біздің қоғамымыздағы жалпы атмосфера қамтамасыз ететін әйелдердің әлеуметтік теңдігі — біздің жетістіктеріміздің бірі»,деген. Қазіргі кезде әйелдер маңызды роль атқаратын қоғамдық ұйымдардың жаңа үлгілерін құру арқылы дамуы көбінесе, әйелдердің мемелекеттік емес ұйымдарының белсенді жұмыстары арқасында жүзеге асырылуда.
Автор: Айгүл Қабдуллақызы, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы