Ағымдағы жылы Жамбыл облысы бойынша тұрғын үй кезегіндегі азаматтар үшін берілетін пәтер санын өткен жылмен салыстырғанда 227,1 пайызға арттыру жоспарлануда. Оның ішінде әлеуметтік осал топтар үшін берілетін пәтер көлемі де екі есеге дейін артады.
Бұл үшін барлық тұрғын үй бағдарламаларының мүмкіндіктері пайдаланылмақ.
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы жаңа 16-шы шағын ауданның құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылыс аумағында облыс әкіміне өңірдегі тұрғын үй саясатының іске асырылу барысы баяндалды.
Жалпы жаңа шағын ауданда 351 жеке мен 82 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда 16 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр, олар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Биыл тағы 30 үйдің құрылысы басталады.
Сондай-ақ бірқатар нысан бой көтереді, оның ішінде: мектеп, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы, өрт сөндіру бекеті, әкімшілік ғимарат, перинаталдық орталық, жұқпалы аурулар ауруханасы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мәдениет үйі және басқа да нысандар бар.
Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімінде жүргізу үшін қала басшылығы мен құрылыс бөліміне бірқатар міндеттер қойып, инфрақұрылыммен қамту мәселесін бірден жүйелі түрде шешу керектігін ескертті.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі