«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары М.Мәтен, кеңес төрағасы М.Ескендіров, кеңес мүшелері және басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасында белгіленген көрсеткіштердің орындалу барысы қаралып, басқарма басшыларының баяндамасы тыңдалды.
Ауылшаруашылығы саласы бойынша өңірдегі құрғақшылық салдарынан ірі қара малдың зардап шегуіне байланысты бүгінгі күнге егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың есебінен 1 607,1 мың тонна пішен дайындалды. Сондай-ақ, дәнді дақылдар орылып егістен босаған 37,8 мың га алқаптар жеке қосалқы шаруашылықтарға уақытша мал жайылымына берілді.Биыл мал қыстауын қалыпты өткізу үшін 1 713 мың тонна пішен, 58 мың тонна пішендеме,475,9 мың тонна сабан, 54 мың тонна сүрлем, 640 мың тонна құнарлы мал азығын дайындау қажет.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша қалада 6 шілдеден бастап «NarTrans» ЖШС-мен 12 бірлік Golden Dragon маркалы үлкен сыйымдылықты автобустар сатып алынып, тұрғындар игілігіне берілді. Сондай-ақ, «СапарТранс2012» ЖШС мен «ТаразТрансМоторс» ЖШС өз қаражаты есебінен орташа сыйымдылықтағы автобустарды сатып алуды жоспарлауда. Бүгінде қаладағы автобустарды жаңарту бойынша «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арасында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Кәсіпкерлік саласы бойынша Жол картасында белгіленген «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының инженерлік инфрақұрылымы 99,5% аяқталды. Жыл соңына дейін 2 инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарлануда.
Цифрландыру саласы бойынша бүгінде Байзақ ауданының Сенкібай ауылында тұрғындар ұялы байланыстың бұзылуына және интернет жылдамдығының төмендігіне байланысты шағымдарын жеткізуде. Мамандардың айтуынша оның негізгі себебі – тұрғындардың қосымша байланыс күшейткіштерін орнатуы. Бұл ұялы байланыс операторлары жұмысының бұзылуына ықпал етіп, ұялы байланыс іркіліспен жұмыс істейді. Аталған мәселені шешу мақсатында «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС радиорелелік технология арқылы байланыс сапасы жақсартылып, 4G мобильді байланысын іске қосты.
Жиын соңында кеңес төрағасы Жол картасындағы міндеттелген межелерді жүйелі орындау қажеттігін ескертіп, олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын бақылауға алуды тапсырды.