Халықаралық көрмеге дайындығымыз жоғары
Ғасырлардан бері тілін, ділін ұрпағына сақтап, құндылығын жоғалтпай келе жатқан қазақ даласының қойнауы құт, әр тасы тарих. Сонау, он тоғызыншы ғасырдың басында қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, дара даусымен Париждің төрінде ән салған әнші Әмірені мақтанышпен еске аламыз. Бұл Францияда өткен халықаралық ЭКСПО-1925 көрмесі аясындағы іс-шарада әлемді таң қалдырған қазақтың жұлдызы жанған шара еді. Міне, содан бері екі ғасыр өтіпті. Биыл, біз өз тарихымызды қайта тірілткен, қасиетті тәуелсіздігіміздің арқасында ЭКСПО халықаралық көрмесін өзіміздің асқақ Астана қаласында өткізуге мүмкіндік алдық. Айтулы шара әлемге еліміздің елдігін, мемлекетіміздің рухани-мәдени байлығын, жастарамыздың жасампаздығын айғақтағаны сөзсіз. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу Астанамыздың да, тұтас республикамыздың да экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына қосымша ынталандырушы күш болатыны тағы рас. Астанадағы айтулы көрмеге облыстар мен қалалар тұрғындарының белсене араласуы, жұрт болып жұмылып атсалысып жатқанымыздың өзі біздің еліміздің бірлігі мол ел екенін айғақтайды.
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі де төрткүл дүние көз тіккен көрмеге белсене араласуда. Облысымыздың ғасырлар қойнауынан сөйлеп беретін мәдениетін, тарихын Бас қаламызға алыс — жақын шетелден келген туристерге көрсету үшін 2017 жылдың 26 шілдесінде Астана қаласындағы «Ғашықтар аллеясында» ашық аспан астында музейі «Тараз -тарихымыздың алтын діңгегі» атты көрме жасақтайды. ЭКСПО көрмесіне келген шетелдіктер мен қазақстандықтар қасиетті Әулиеата өңірінің және көне Тараз шаһарының материалдық және рухани мәдениетінің бірегей, құнды, қайталанбас жәдігерлерімен таныса алады.
Көнеден қалған жәдігерлердің қай ғасырдан бізге жеткенін зерттейтін, ескінің көзін сақтайтын, болашаққа насихаттайтын қасиетті орын өткеннің айнасы. Демек, бұл тарихи орда ғылым мен тарихта қызығушылық тудыратын заттар қоймасы. Мұнда этнографиялық, археологиялық, нумизматикалық жәдігерлермен қатар, құжаттар, суреттер, өнер жиынтықтары ғасырлар бойы сақталады. Сондықтан тарихи-мәдени және ғылыми құндылықтарды сақтауға негізделген ақпараттарды музей жәдігерлері арқылы халыққа жеткізуді мақсат еткен музей үйлерінің әрбір ұлт, мемлекет үшін маңызы зор. 65 000 мыңнан астам қоры бар облыстық тарихаи-өлкетану музейінің де ұсынары, бағасыз, ғасырлар құндылығы.
Астанадағы көрмеде ғасырға жуықтаған жасы бар облыстың және 2000 жылдан әріде жатқан ғұмыры бар, мазмұнды тарихы бар көне шаһардың сақ кезеңінен Қазақ хандығының қалыптасу кезеңіне дейінгі тарихы қамтылады. Бұл Ежелгі Тараз, сол кездегі Жамбыл қалаларынан әр жылдары қазба жұмыстары нәтижесінде табылған Жетітөбе обасының алтын бұйымдары, сақ кезеңінің тарихын, мәдениетін айғақтайтын қола қазандықтар, найзаның және жебенің ұштары, жануарлардың қола мүсіндері қойылады. Сондай-ақ, Түркі, қараханид, моңғол, саманид, теңгелерінің айналымда болған ең құнды топтамалары ұсынылады. Ортағасырлық сәулет өнерінің жауhары болып табылатын Айша бибі кесенесінің кірпіштерін де осы көрмеден табуға болады. Ортағасырлық тұрмыста қолданылған күйдірілген, күйдірілмеген, жалатпалы қыш ыдыстар: шырағдандар, жұмыртастар, майшамдар, түрлі ою-өрнек түсірілген тәрелкелер, хумдар, саптыаяқтар өткен ғасырдағы бабалар өміріне жетелейтіні сөзсіз.
Қазақ хандығының қалыптасу кезеңіндегі қазақ батырларының қару-жарақтары: сауыт, дулыға, шоқпар да біздің музейден табылады. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан сәнді-қолданбалы өнер бұйымдары: ағаштан, гипстен жасалған сувенирлік бұйымдар сатылымға ұсынылады. Сонымен қатар, экспозицияда Тараз суретшілерінің картиналары, әр түрлі инсталляциялар үлкен қызығушылық тудырады деген үміттеміз. Көрмеге 400-ден аса жәдігерлер қойылады.
Көрме әлемді көп ұлтты мәдениетпен, ежелгі тарихпен, өнермен, дәстүрмен және Қазақстандықтардың қонақжайлылығымен таныстыратын болады. Музей қызметкерлері Ғалия Әлімжанова, Людмила Хапилина, Светлана Герасимова, Нұрзат Әмірбек, Алдияр Сұраншылар қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерінде экскурсия жүргізеді.
Кез келген тойдан тәбәрік қалатыны бар. «ЭКСПО 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің бізге пайдасы, үш тілде музей қорындағы құнды жәдігерді қамтыған «Жауһар жәдігерлер» атты сувенирлік кітапша дайындап, шығардық. Және де, облыстық кино орталығының директоры, тарихшы Нұрхат Серікбаевтың редакторлығымен «Музей-тарих айнасы» атты деректі фильм түсірдік. Бұлардың бәрі, Астана қаласындағы көрмеде таратылатын болады.
Музей – уақытқа бағынбайтын алмасып жатқан ұрпақтар жалғастығын сабақтайтын алтын арқау десек, көнеден қалған әрбір зат, әрбір сөз, әрбір ой өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғастырар мәңгілік алтын көпір.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап өткендей мемлекеттің алдағы атқарар жұмысы халқымыздың рухани мәдениетіне, тарихына, ұлттық санасының жоғарылауына, тарихи ескерткіштерімізді, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, насихаттауға, біртұтас ұлт болып қалыптасуына бағытталмақ.
Гүлнұр Ембердиева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры