«Гендерлік саясат-отбасымен әйелдердің құқықтарын қорғау»
Әлемдегі әрбір мемлекет өзінің Конституциясына сәйкес сыртқы және ішкі саясатпен айналысатыны белгілі. Өзінің атауы айтып отырғандай, сыртқы саясат шет мемлекеттермен жүргізілетін қарым-қатынас, ал ішкі саясат мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтып, жаһандану процессінен қалмай алға қарай даму үшін қажетті тетіктердің бірі. Ал соңғы жылдары ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде «гендерлік саясат» деген ұғым көп айтылып жүр.2000 жылғы қыркүйекте өткен Мыңжылдық саммитiнде әлемнiң көптеген елдерiнiң лидерлepi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Мыңжылдық декларациясын қабылдады, оның сегiз мақсатының бiрi гендерлiк теңдiктi қолдау болып айқындалған.Гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн белгiлейдi.
Гендерлiк саясат — қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында елімізді одан әрі дамыту, әрбір отбасының, әрбір азаматтың жағдайын одан әрі жақсарту, халқымыздың бірлігін, тыныштығын қорғау нақты айтылған. Халықаралық аренада әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Қоғам мен мемлекет тарапынан да нәзік жандылардың іскерлік белсенділіктері мен саяси ықпалдастықтарына деген сенім жоғары деңгейде көрініс табуда.
Бүгінгі таңда біз білетін қазіргі әйел бейнесінің қыры көп. Айталық, әйел — саясаткер, әйел — көлік жүргізуші, әйел — бала тәрбиелеуші, әйел — үй күтуші, әйел — заңгер, әйел — экономист, әйел…тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Әрине, әйел, ең бастысы — ана.Мемлекеттік тұрғыдан қарастыратын болсақ, әйелдің қоғамның барлық саласына ер азаматтардан қалыспай, белгілі дәрежеде ірі қайраткерлер есебінде қызметтер атқаруы еліміздің нығаюына оң ықпалын тигізуде.
Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер – қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. Кезінде аты әділдігімен аңыз болып, “Жеті жарғыны” құрастыруға қатысқан Әнет баба: “Әйел – жеті қазынаның бірі ғана емес, біріншісі. Дүниедегі барлық тіршілік атаулының анасы – әйел. Сондықтан оған тіл тигізуге де, қол тигізуге де болмайды”, – деген. Данышпанның осындай ойлы сөздеріне алып-қосарымыз жоқ-ау, сірә.
Автор: Тараз қаласы №2 сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Ж.Исакулов