Франция астанасы Париж қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды.
«Париж қаласында қазақтың ұлы ақыны, ұлт философы Абай Құнанбайұлының бюсті ашылды. Бюст Париждің орталығында ақындар алаңында орнатылды, ол жерде В.Гюго, А.Пушкин және т.б. құрмет көрсетілді.
Ұлы Абайдың мүсіні Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ашылып отыр. Ұйымдастырушысы – ҚР Франциядағы Елшілігі, бюст демеушілік қаражат есебінен ашылды»деп жазды Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында.
Әкім Париж қаласының мэрі Анн Хидалгомен достық пен ынтымақтастық туралы пактіге қол қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ, қала басшылары бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаламыздың экономикасына жеке инвестициялар тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Париж қаласының мэрі Анн Идальгомен достық пен ынтымақтастық туралы пактіге қол қойып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды талқыладық. Мәселен, Нұр-Сұлтанда 30-дан астам француз компаниясы жұмыс істейді. Бұл бірлескен маңызды жобаларды ашу және жеке инвестицияларды тарту ғана емес, сол сияқты қосымша жұмыс орындарын құру» деді Көлгінов.
«Бірлескен жобалар санын кеңейтетін боламыз. Сонымен бірге елордамызда Францияның жеке инвестициялары есебінен жеке мектеп салу туралы келісімге келдік. Сондай-ақ, музей ұжымдарын келесі жылғы көрмелерге шақырдық, олар елордамыздың мәдени саласын дамытуға өз үлесін қосатыны сөзсіз» деп түйіндеді Нұр-Сұлтан әкімі.
Дереккөз-https://kaz.orda.kz/francija-astanasy-parizhde-abaj-eskertkishi-ashyldy/