Бұл туралы Сенат дәлізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев мәлімдеді.
«Бұл іс аяқталды. Қожағапанов пен мердігер ұйым басшысы сотқа берілді, сот процесі жалғасып жатыр. Мұнда аса ірі көлемде қаржы жымқыру мәселесі қаралып жатыр», – деді Құрақбаев Сенат дәлізінде.
Құрақбаевтың айтуынша, бұл іс бойынша келтірілген шығын өзгеріссіз қалған және 1 миллиард теңгеден асады.
«Сот жүріп жатыр, қазір аяқталу сатысында деп ойлаймын. Біз оған айып тағып отырған баптың санкциясы бойынша, қателеспесем, 7 жылдан 12 жылға дейінгі жаза қарастырылған. Бірақ сот барлық мән-жайды ескере отырып шешім шығарады деп ойлаймын. Сот ашық өтіп жатыр», — деп түйіндеді Антикор өкілі.