Елбасының өмірі еліне үлгі
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің бас ғимаратында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Елбасы туралы кітап жазған авторларымен кездесу өтті.
Басқосуға облыс әкімі Кәрім Көкрекбаев, мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, журналист, жазушы Айтбай Сәулебектегі және «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, Қазақстан жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Қанат Әуесбай қатысты. Шараны М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, жүргізіп отырды. Оқу орнының басшысы шараның мақсаты – қоғамда ҚР Тұңғыш Президент тәуелсіз ел болудағы рөлі мен еңбегін өскелең ұрпаққа таныстыру екенін жеткізді. Жиында алғаш болып аймақ басшысы Кәрім Көкрекбаев Мемлекет басшысының еліміздің дамуындағы етіп жатқан еңбегі ерен екендігін айтып, оның өмір баяны мен жасаған жұмысы өскелең ұрпаққа өнеген екенін тілге тиек етті. Сондықтан ол туралы кітаптардың жазылуы заңды болып табылатынын алға тартып, кітап жазу үлкен қажырлықты қажет ететінін сөз етті. Сондай-ақ аймақ басшысы Н.Ә.Назарбаев туралы ой өрбітіп, ҚР Тұңғыш Президент күнінің мән-маңызына тоқталды.
– Тәуелсіздіктің тарихы Елбасының есімімен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы ел егемендігін жариялап, қазақ даласының тәуелсіздігін төрткүл дүниеге паш еткен ұлы тұлға. Тұңғыш Президентіміз нағыз көшбасшыға тән көрегендікпен қысқа мерзімде жаңа мемлекетті әлемге танытып, экономикасын қалыптастырды. Ұлтын рухы мен сана-сезіміне заман ағымына сай тиісті реформалар енгізді. Есілдің бойына ел қондырып, мәңгілік елордамызды тұрғызды. Орталық Азияның жауһары саналатын Астана төрінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуі әрбір қазақстандықтың мақтанышы, – деген Кәрім Насбекұлы Елбасының біздің аймаққа жасаған іссапарлары туралы айтып өтіп, жиналған көпшілікті ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. Мұнан кейін сөз тізгіндеген мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған жетістігіміз сынға түсіп, елдігімізді шыңдай түсетін кезеңде өмір сүріп жатқанымызды алға тартып, осы бағытта Елбасының ұстанып отырған саясаты ұтымды екенін жеткізді. Сондай-ақ ол Н.Ә.Назарбаев туралы алыс-жақын шетелдерде мақалалар жазылып, кітаптардың шығуы оның сыртқы саясаттағы ұстанымы мен әлемдік аренадағы ірі тұлға болып саналатынымен байланыстырды. Елбасының өмірі туралы атап өткен профессор ол туралы жазылған еңбектерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар «Президент пырағы» атты кітаптың авторы Қайнар Олжай тәуелсіздік алған тұста Елбасының жасаған іссапарлары туралы баяндады. Нұрсұлтан Әбішұлының ағайынды татуластырудағы іскерлігі, көрегендігі мен тауып айтатын қасиеттерін сөзіне арқау етті. Ал журналист, жазушы Айтбай Сәулебектегі өзінің Мемлекет басшысы туралы жазған «Құрыш тұлға», «Елбасының алтын бесігі» еңбектерінің тарихымен таныстырды. Ол еңбектері Елбасының өзіне ұнағанын айтып, ірі тұлғалар туралы кітап жазу оңай шаруа емес екенін жеткізді.
– Бір шындық бар – Н.Назарбаев өзін ғана емес тұтастай тәуелсіз Қазақстан мемлекетін адамзатқа дос ретінде танытқаны. Бұрын біздің елімізді әлем халықтары білуші ме еді? Тіпті қазақтарды орыс дейтін. Ал қазір ше, Қазақстан мен қазақтарды, Президенті Назарбаевты төрткүл таниды. Бұл мақтаныш қой. Мемлекет басшысы «Ғасырлар тоғысы» кітабында «Мен өз халқымды сүйемін» деп жазды. Ол шындық. Тағы бір шындық бар. Ол қазақстан халқының металлургтерге қарыздығы. Себебі олардың ішінен тұңғыш Президент шықты. Өзі ғана шыққан жоқ. Елін жоғарыға шығарды, – деді А.Сәулебектегі. Өз кезегінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, Қазақстан жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Қанат Әуесбай өзінің «Батыс көрген» атты кібатының жарық көруіне «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжайдың себепкер болғанын айтып, онда көтерілген мәселелерге тоқталды. Бабалардың табаны тимеген жерге балаларының қаламы тиіп, қазіргі қазақ жастарының шетелде білім алып жатқаны Елбасының арқасы екенін мәлім етті.
TURANINFO.KZ