Дін және жастар
Дінсіз адам болса да, дінсіз қоғам болмаған қай елді алып қарайтын болсақ діннің маңызды рөлі болғанын аңғаруға болады. Егер дін адамзат баласына бұрмаланбай жететін болса дін елдің бірігуі мен өркендеуіне ықпал етіп өз нәтижесін береді. Ал дін бұрмаланып, саяси астарылы болып насихатталатын болса қоғам ыдырап бүлік пен тұрақсыздыққа жетелейді. Сондықтан біз жастардың санасына дәстүрлі діни сананы қалыптастыруымыз қажет.
Мәселен, қазақтың кең дарқан даласына VIII ғасырдан бастап дәстүрлі ислам діні таралды, дінімен қоса өркениет, мәдениет, ғылым-білім жанданып, аты әлемге әйгілі Әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Ахмет Иүгінеки, Қожа Ахмет Яссауи т.б. ғалымдар елдің дамуы мен өркендеуіне зор үлестерін қосып, көптеген ғылыми танымдық еңбектер жазды. Дегенмен, қазіргі уақытта дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері біздің ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі діни танымды мансұқтап, әсіресе жастардың санасын улап, тура жолдан тайдыруда.
Осыған байланысты Отан отбасынан басталады деген мақалды ескере отырып жастардың санасына дәстүрлі діни танымды қалыптастырып, өнегелі тәрбие беріп отан сүйгіштікке баулу, елінің абыройлы азаматы қылып өсіру әрбір отбасының борышы деп санаймыз. Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең бесігіңді түзе, бесігін түзей алмаған елдің болашағы жоқ» — деп, балаға тәрбие беретін ата-ана. Сол себепті атан-аналардың діни сауаты жетік болса ешқандай бала жат діни ағымдарға бармас еді.
Мәселен, Қазыбек би он екі жасында қалмақтарға айтқан сөзіннен «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жәй жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына үкі таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз» — деп, қазақ елінің бірлігі бекем, айбары асқақ, дүниетанымының тұрақтылығын аңғаруға болады. Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі « Ей адам баласы: Шүбәсіз сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен рулар қылдық» — деген Хужрат сүресінің 13-ші аятына мән беретін болсақ, бізді қазақ етіп жаратқан соң біз дәстүрімізді, әдет-ғұрыптармызды жандандырып, күнделікті өмірде қастерлеп отыруымыздың дінге қайшы емес екенін аңғаруға болады.
Елбасымыз: «Түбіміз түркі, дініміз ислам екенін ұмытпауымыз қажет. Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол – қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз» — деп, Отанға деген ізгі тілектен шыққан ұлағатты да, ұранды сөзін халқымыздың жүрегіне жеткізуіміз ләзім. Десекте, қоғамда дәстүрлі емес діни танымының ықпалында жүргендер қазақ елін дінсіз, надан ретінде көрсетіп, қалыптасқан әдет-ғұрпымызға түзетулер еңгізбекші.
Осыған орай, Елбасымыз: «Ел бірлігі туралы сөз болғанда, біз дініміз исламға тоқталмай кете алмаймыз, әрине, исламның рухани әлемі өз алдына жеке әңгіме. Діннің тұтастығы қашанда Елдің тұтастығы. Діни алуыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратыны баршамызға белгілі. Қазақ даласында ислам дінін орнықтырушылардың бірі данышпан бабамыз Ахмет Яссауи осы жағдайларды ескере отырып ислам дәстүрлерін қалыптастырды. Осы дәстүрімен мінекей, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өзінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді. Сондықтан, ұлттық сана-сипатқа айналған дәстүр мен дүниетанымға сырттан келіп түзету жасағысы келетіндерге жол бере алмайтынымызды ашық айтамыз» — деп ата-бабаларымыз ұстанып келген дәстүрлі діни таным жолын ұстану керек екенін айтты.
Жаһандану заманында жалған ақпараттардың ғаламтор беттерінде көптігі, сырттан діни оқу ордаларынан оқып келген дәстүрлі емес діни танымдағы уағызшылардың насихаты, діни сауаты төмен жастардың санасына ықпал етіп, көнеден қастерлеп келген дәстүрімізді жоққа шығаруда. Салт-дәстүрлемізді қастерлеуден жұрдай болған жастарда Отанға, елге, жерге деген ұждандық сезімдері жоғалуда. Патриоттық сезімнен жұрдай болған жастар әскерге баруға, ант беруге, қан өткізуге еліне адал қызмет жасаудан бас тартып, жат дінің арбауына ілініп тура жолдан тайуда.
Осындай мәселелерді ескере отырып, рухани байлықтың бірі дәстүрлі діни санамызды жоғалтпау үшін, діни танымды біз сырттан емес, қазақ ғалымдарының діни танымын жастардың саналарына сіңдіріп тәрбиелеген жөн. Шәкәрім Құдайберді айтпақшы «Білімсіз ел – Жас бала секілді: бір жаңа нәрсе көрінсе, бұрынғыны тастап соған ұмтылмақшы» — деген. Яғни жастарымыз батысқа еліктеп арсыз болмасын, жалған дін атын жамылған топтардың жетегінде кетпесін десек, бабаларымыздан қалған салихалы сара жолды жиі айтып насихаттау керек. Тоқсан ауыздың тобықтай түйіні:
Тәуелсіздік тірегіміз.
Ислам діні дінгегіміз.
Дәстүр өмір салтымыз.
Арыстан баб, Яссауи бабаларымыз.
Абай, Шәкәрім даналарымыз.
Алаш қайраткерлері дінін, дәстүрін, отанын қорғаған ағаларымыз- деп, ата-жолы хақ жолы екенін насихаттайық.
Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы Ерзат Жақыпов