24-25 сәуір күндері Жамбыл облысында 28 м/с қатты дауыл болады деп əдеттегідей 112 нөмерінен смс келген болатын. Мұндай смстерге үйреніп қалған халық қатты танырқай қоймады. 24 күні Тараз қаласында шынымен қатты дауыл соғып шаһарымызға біраз залал келтірді. Тарқатып айтар болсақ, пайдалануға берілгеніне небəрі 3 жыл тола қоймаған қалалық аурухананың қасбеті төбеден құлап, абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Дауылдың кесірінен екі қала тұрғыны жарақаттау пунктіне көрініп үйлеріне қайтқан.
Тараз қаласындағы қан орталығының көліктер тұратын және тұрғын емес ғимаратының жұқа қаңылтыр шатыры ұшып кеткен.
Жаңадан егілген шыршаларымыз да «ащы суға» тойып алғандай құлап жатты.
Байзақ батыр көшесінің бойынан сынған талдар мен бұтақтарды жинап тастағанын байқадық.
Абайсызда орын алып халықты əбігерге салған табиғаттың тосын мінезінен адамдардың аман қалып, көп шығын болмағанына қуандық. Дегенмен жаңадан салынған құрылыс нысандарының сапасы сын көтермей, кешегідей дауылдарда қолайсыздық тудырғаны көңілімізге күдік, көкейімізге көп сұрақ ұялатты.
Фото: А.Есіркепов
TURANINFO.KZ