Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өңірдегі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер туралы кеңес өтті. Басқосуға облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев, аталған министрлікке қарасты құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков қатысты.
Жиында алдымен Бақытжан Жүнісбеков облыстағы құрылыс саласына қатысты баяндама жасап, бірқатар маңызды жайттарға тоқталды.
Оның айтуынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылы Жамбыл облысы бойынша тұрғын үй және инфрақұрылым құрылысы бойынша 94 жобаны іске асыруға 31,7 млрд. теңге бөлінген. Соның есебінен 314,4 мың шаршы метр әлеуметтік тұрғын үй (1 078 пәтер) салу, оның ішінде құрылыс алаңдарын инженерлік коммуникациялармен жабдықтау бойынша 26 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, тұрғын үй қорын жаңғырту аясында ағымдағы жылы 50 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге 3,2 млрд.теңге бағытталған.
— Жамбыл облысы бойынша 689 (алты жүз сексен тоғыз) мың шаршы метр, оның ішінде 430 (төрт жүз отыз) мың шаршы метр жеке құрылыс салу жоспарлануда,-деген Н. Жүнісбеков газбен, таза ауыз сумен, жылумен жабдықтау, жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жұмыстарын да тілге тиек етіп, өзекті мәселелерді де атап көрсетті.
Келесі кезекте облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Ол ағымдағы жылы құрылыс басқармасы арқылы сметалық құны 187,0 млрд. теңге құрайтын 207 жобаға бюджеттен 88,5 млрд. теңге бөлініп, іске асырылып жатқанын жеткізді. Оның 153-і осы жылы тапсырылуы тиіс, 54-і келесі жылға өтпелі.
Аталған жобалардың 112 нысаны «Нұрлы жер», 43-і «Ауыл – Ел бесігі», 30-ы «Өңірлерді дамыту», 3 нысан құрылысы Үкімет резервінен және 19-ы білім беру субвенциялары есебінен қаржыландырылған. Жыл басынан бері 30 нысанның құрылысы аяқталған.
Басқарма басшысы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен жалға берілетін тұрғын үйлерді салуды республикалық бюджеттен қаржыландыруды жалғастыру, тұрғын үй саясатының жаңа бағдарламасында Жамбыл облысында тұрғын үй құрылысына арналған 1 шаршы метр үшін лимит құнын 250 — 260 мың теңгеге көтеру және тағы да басқа мәселелер бойынша ұсыныстарға қолдау көрсетуді сұрады.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кредиттік тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 160 мың теңге төмен лимиттеріне байланысты құрылыс компаниялары тұрғын үй құрылысын салуға құлшыныс танытпай, мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатыспай отырғандығын алға тартты.
Өз кезегінде сөз алған мердігер компания басшылары да соңғы кездері құрылыс материалдарының бағасы айтарлықтай өскенін, облыстың сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандығын, ол да қосымша талаптарды қажет ететінін баса айтты.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев барлық ұсыныстар назарға алынып, сараланатынын атап өтті. Сондай-ақ, вице-министр тұрғын үй құрылысына арналған 1 шаршы метр үшін лимит құнын 250 — 260 мың теңгеге көтеру ісі талдауды қажет ететінін жеткізді. Себебі, пәтерлерді өткеру кезінде тұрғындардың алу мүмкіндігін де ескеру керектігіне көңіл бөлді. Дегенмен, «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалымен талдау жүргізе отырып, халықтың мүмкіншілігіне сәйкес лимит құнын 180-200 мың теңгеге бекіту мәселесі назарға алынатынын тілге тиек етті.
Басқосу барысында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков те саладағы жұмыстарды баяндады.
Нұржан Нұржігітов облыста арнайы жұмыс тобы құрылып, екі апта ішінде өңірдегі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы маңызды жайттарға қатысты министрлікке тиісті ұсыныстар әзірленетінін атап өтті.
Өз кезегінде Еркебұлан Дауылбаев апта сайын министрлікпен «ZOOM»-онлайн форматта салаға қатысты жиын өтетінін хабарлап, оған мердігер компания өкілдерін белсенді қатысуға, ұсыныс-пікірлерін білдіріп отыруға шақырды.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі