Жамбыл медициналық жоғары колледжінде жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және «Әулиеата – кітап оқитын өңір» идеясын насихаттау мақсатында «Ой шебері» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды.
Ойынның алғысөздері Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Жамбыл дарыны” аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Майра Есеналиева, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, ақын Хамит Есаман, “Ой шебері” зияткерлік ойынының ұйымдастырушысы Исламбек Дастан сөз сөйледі.
Ойынға дарынды балаларға арналған мектептердің оқушылары қатысып, алты кезең бойынша алты кітаптан білімдерін сынады. Нәтижесінде, дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернатының «Жаңа Толқын» тобы 22 балл жинап, жеңімпаз атанды. Назарбаев Зияткерлік Мектебінің 1-тобы 20 баллмен екінші орынға, ал «Білім-инновация» лицей-интернатының «Руханият» тобы 19 баллмен үшінші орынға ие болды.
Жеңімпаз команда жетекшісі Үміт Берікқызының айтуынша, «Ой шебері» зияткерлік ойыны – жалпы қатысушылардың тапқырлығын, білімін және жылдам ойлау қабілетін тексеретін қызықты әрі пайдалы ойын болды.
Бұл ойын біздің ойлау қабілетімізді жаңа деңгейге көтеріп, жаңа мәліметтерге деген қызығушылығымызды арттырды. Сонымен қатар, біз жеңіске жету арқылы өзімізге деген сенімімізді нығайтып, зияткерлік деңгейімізді одан әрі жетілдірдік.
Біз үшін ең күрделі кезең “Өркениеттің адасуы” кітабы бойынша сұрақтар болды. Сайысқа дайындық барысында Әбдіжәміл Нұрпейісовтың “Қан мен тер” кітабы ерекше әсер қалдырды. Бұл туынды ойлау қабілетімізді дамытып, мәдениет пен тарихқа деген қызығушылығымызды арттырды,» – дейді «Жаңа Толқын» тобының жетекшісі Үміт Берікқызы.
Жобаға журналист, жас ақын Арайлы Серікқызы қонақ ретінде шақырылып, үшінші орын алған топқа өзінің тұңғыш жыр жинағын тарту етті.
Бұл жоба жастардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттырады деп сенемін. Қатысушылардың белсенділігі қуантты, алдағы уақытта осындай шаралар көптеп ұйымдастырылса, оның пайдасы зор болары анық, — деді Арайлы Серікқызы.
Бұл жоба оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға және білімге ұмтылысын қолдауға бағытталған маңызды бастама.
Алдағы ойында оқылуға міндеттелген кітаптар:
-
Тұрсын Жұртбай «Бір уыс жусан»
-
Ғабит Мүсірепов «Ұлпан»
-
Шерхан Мұртаза «Соғыстың соңғы жесірі»
-
Күләш Ахметова «Бақ»
-
Бекен Нұрахметов «Менің тағдырымдағы адамдар»
TURANINFO.KZ