Тараз қаласының №2 сотында билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру (ҚР ҚК 272-б. 3-б.) бойынша айыпталған 2 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотпен не анықталды:
2022 жылғы 04-05 қаңтарда сотталушы П. және Т. Тараз қаласында қирату, бұзу, мүлiктi жоюмен ұласқан жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, басқа азаматтарды да билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртіпсіздікке арандатып, жаппай тәртiпсiздiкке қатысуға шақырған.
Кінә іс бойынша жиналған дәлелдермен: куәлердің айғақтары мен заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Тараптардың позициясы:
Прокурор сотталушыларға 3 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушылар кінәларын мойындады, іс бойынша жиналған дәлелдемелердiң қатыстылығы мен жол берілетіндігіне дау келтірмеді.
Сот шешімі:
Жаза тағайындау кезінде, сот, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың шын ниетпен өкінулерін, асырауларында жасөспірім балаларының болуын, бұрын сотты болмағандарын таныды. Ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың төтенше жағдайда жасалғаны танылды.
Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сотталушылар П., Т.-ға пробациялық бақылау белгілене отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Тараз қаласының № 2 сотының баспасөз қызметі