Өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік мол. Ол үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қарастырылып, кәсіпкерлікті дамыту үшін қаражат көздері де қарастырылған. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Жамбыл облысының кәсіпкерлеріне жалпы несие сомасы 7,2 миллиард теңгені құрайтын 118 жобаға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсеткен. Сонымен қатар 115 жоба 4,3 миллиард теңге сомасына кепілдік түрінде қолдау да қарастырған. Осы орайда, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арнайы баспасөз турын ұйымдастырып, мемлекеттің қолдауы нәтижесінде кәсібі дамып келе жатқан өндіріс ошақтарымен таныстырды.
Алдымен БАҚ өкілдері Жамбыл облысының нарығында 8 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан «Козин А.А.» жеке кәсіпкерлігіне бас сұқты. Жалпы бұл компания цехында «Хлебный дар» сауда маркасымен бірінші сұрыпты нан, багеттер, тоқаштар, кептіру, кепкен нан, бәліштер пісіріледі. Бүгінгі күні компанияның өндіріс қуаттылығы тәулігіне 60 000 дана нан мен май өнімдерін құраса, ұнды тәуліктік тұтыну – 30 тонна екен.
– Біз кредитті бір жыл бұрын алдық. Күніне 12-15 тонна өнім өндіреміз. Бүгінгі күні цехта 120 адам жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 150 адамға жеткізу жоспарда. Орташа айлық көлемі 80-120 мың. Қазір жалықыларын көбейтуіміз керек. Рас жұмыс ауыр. Ал жаздың күндері тіптен қиындап кетеді, – дейді «Козин А.А» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Анатолий Козин.
Ағымдағы жылдың шілде айында компания «Даму» Қорының қолдауымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жылдық 15 % -дан 90 миллион теңге несие алған. Айта кетерлігі, оның 9 %-ын «Даму» Қоры субсидиялаған. Компания қалған 6 % -ын өзі өтейді. Бұл қаржыны компания нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді өндіру бойынша қызметті кеңейтуге, яғни жаңа наубайхана салуға жұмсаған. Қазіргі таңда жаңа наубайхана құрылысы 95 пайызға аяқталған.
Мұнан соң журналистер «Сарыбас» жеке кәсіпкерлігінің жұмысымен танысты. Компания өндірісті кеңейту мақсатында «Даму» қорына жүгініп, өндіріс көлемін ұлғайтқан. Кәсіпорын бүгінде шұжықтардың 39 түрін «Сай-ко», «Сарыбас» және «Болат және Ко» сауда маркаларымен өндіреді. Шұжық өнімдерінің ассортименті әр түрлі. Атап айтқанда, сервелат , күркетауық , ірімшік қосылған күркетауық, прима, бұзау, сиыр еті, краковская және басқалар. Сонымен қатар кәсіпорында тұқым, пісте және жержаңғақ өндірісі жолға қойылған цех бар екенін де айта кеткен жөн.
– Біздің компания 2008 жылы 1 желтоқсанда ашылды. 12 жылдың ішінде біз Қазақстанның барлық аумағына өз өнімдерімізді шығара бастадық. Компанияда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы көлемі 120-150 мың теңгені құрайды. Өндіріс ошағын одан ары дамыту үшін қосымша қондырғылар сатып алу қажет. Ол үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен «Халық» банкінен 100 миллион теңге қаражат алып жатырмыз, – дейді компания басшысы Б.Сабданалиев.
2018 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында компания жаңа жабдықтар сатып алуға мемлекеттік қолдау алып, екінші деңгейдегі банктен жылдық 14 % -дан 276 миллион теңге сомасында несие алған. Оның 8 % — ын «Даму» Қоры субсидиялайды.
Сондай-ақ баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері «Сырлыбай Б.Ә» жеке кәсіпкерлігіне да барды. Бұл компания «Ақ сарай» және «Наубай» маркаларымен түрлі сұрыпты ұн, сондай ақ «Жеңеше» жайма өнімдері мен «Слойка» қатпарлы қамырын өндіреді. Компания ұнды өлшеп-орауға арналған диірмен жабдығы мен буып-түю аппаратын қажет ете отырып, «Даму» қорына қаржылық қолдау сұрап жүгінген. Соның нәтижесінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктен жылдық 14 % мөлшерлемесі бойынша 95,3 миллион теңге сомасына несие рәсімдеген.
– Осында жұмыс істеп келе жатқаныма жеті жыл болды. Алғашында кішкентай диірменмен жұмыс істесек, кейіннен 120 тонналық үлкен диірмен келді. Содан бастап біз өзіміздің 3 сорттық ұн өнімдерімізді шығара бастадық. Сапасы өте жақсы. Біздің ұндарымыз қала бойынша да, басқа облыстарға да кетеді. Сонымен қатар Ауғанстан еліне де ұндарымыз экспортталады. Орташа есеппен айлықтық жалақымыз 120 мың, – дейді лабаратория меңгерушісі Зәуреш Ертазақызы.
Сабырбек Арайлым