Әлемдік ұйым ұсынып отырған рейтингке сәйкес, үш отандасымыз өз салмақ дәрежелерінде ТОП-10 палуанның қатарына еніп отыр.
Мәселен, әйелдер арасындағы бәсекеде отандық дзюдо тарихында алғаш рет финалда белдесіп, күміс жүлдегер атанған Әбиба Әбужақынова (48 кг) рейтингте екі саты жоғарылап, 5662 ұпаймен 2-орынға жайғасты.
Ерлер арасында Париж Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы Елдос Сметов (9-орын) биылдыққа татамиге шықпаса да, әлі де әлемнің ең үздік 10 дзюдошының қатарында тұр. Сондай-ақ Париж Олимпиадасының қола, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев әлем чемпионатындағы нәтижесіне байланысты рейтингте 7 саты көтеріліп, ТОП-10 палуанның қатарына қосылды.
Бұдан бөлек, 60 келідегі Мағжан Шамшадин 19-орынға көтерілсе, Абылайхан Жұбаназар (81 кг) мен Нұрлыхан Шархан (100 кг) рейтингтегі орындарын сақтап қалды. Абылайхан 14-орында, Нұрлыхан 26-орында тұр. Әлем чемпионатында 90 келіде белдескен Мейірлан Максим бірден 36 саты көтеріліп, 41-орынға жоғарылады. Ол жаһандық доданың 1/8 финалында төрт дүркін әлем чемпионы (үшеуі командалық сайыста) жапониялық Гоки Тадзимадан жеңіліп қалған еді.
100 келіден жоғары салмақта белдесетін Ерасыл Қажыбаев та әлем чемпионатынан кейін жағдайын жақсартып алды. Рейтингте 7 сатыға жоғарылап, ТОП-20 дзюдошының қатарына қосылды.
Туризм және спорт министрлігі