Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Бесағаш ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Патима Момуова баспаналы болды. Баспана кілтін аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев табыстады. Асарлатып үй салған ауыл тұрғындарына алғыс айтты.
Басағаш ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Берік Байаулиев бірлік бар жерде тірлік бар екенін тілге тиек етті. Тұрғын үйдің бой көтеруіне айрықша үлес қосқан ауыл азаматтары мен кәсіпкерлерге ауыл әкімі Бейбіт Нигматуллаев алғысын білдірді.
Жалпы аумағы 85 шаршы метр болатын 4 бөлмелі тұрғын үй. Іші-сырты заман талабына сай жабдықталған.
Осы күнді ұзақ күткен үй иесінің қуанышында шек жоқ. «Әр отбасының басында баспанасы болса – бақытты. Міне, осы бақытты сезініп отырмын. Баспаналы болуыма жағдай жасап, арманымның орындалуына жәрдем еткен облыс, аудан басшысына, барлық азаматқа алғысым шексіз», – дейді Патима Ақшаралқызы.
«Келісті атаның жолы – кейінгіге үлгі» демекші, жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан «Асар» ісі ағайынның арасын нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс болды.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі