Педагог-маман, яғни, ұстаз заман талабына ілесіп отырған жағдайда ғана ұлт мақсаты орындалып, даму жолында алға баспақ. Өйткені, білікті маман, мықты тұлға тәрбиелеп шығару тікелей осы мамандық иелерінің қолында екені баршаға аян. Бұл орайда, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің атқарып отырған жұмысы мен жауапкершілігі зор. Аталған оқу орнындағы бірқатар бастамаларына қанығу мақсатында университет ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ержан Әмірбекұлымен пікірлескен едік.
– Ержан Әмірбекұлы, сіз басқаратын университет бүгінде оңтүстік аймақтағы іргелі оқу орындарының бірі екендігі белгілі. Қазіргі таңда педагогтар шеберханасында қанша студент білім алып жатыр?
– Расында, «университет» статусын алған оқу орнымызда білім алушылардың саны артып келеді. Яғни, бүгінде 7090-ға жуық студент оқып жатыр.
– Олардың барлығы дерлік болашақ мұғалімдер ғой?
– Бұл мәселені екі тұрғыда қарауға болады. Біріншіден, бізде оқып жатқаннан кейін оларға болашақ мұғалім деп қарау қажет. Бірақ біз онымен ғана шектеліп отырған жоқпыз. Мәселен, әртүрлі сауалнама жүргізіп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Атап айтқанда, педагогикалық зеттеу орталығымыздың зерттеуіне қарар болсақ, оқуға түскен 1 курс студенттерінің 70%-ы өздерін болашақ педагог ретінде көреді екен. Ал 4 курсқа келген кезде солардың 55-60%-ы өзін педагог ретінде сезінетінін және осы бағытта қалатынын айтса, қалғандары басқа да бағыттарға кетуге ниеттерін білдіріп жатады. Бітіріп жатқан мамандарымыздың барлығы дерлік мектепке барып мұғалім бола бермеуі мүмкін. Бірақ олар халықты ағарту саласында, тәрбиемен байланысты, қазіргі кезде нарықтық экономикаға кіргеннен кейін халыққа қызмет көрсету орталықтарында, яғни жеке бала-бақшалар, жеке ой-өріс дамыту орталықтары, тренингтік орталықтарға бет бұрып жатады. Айта кетерлігі, бүгінде филология мамандығының студенттері қазіргі кезде журналистика саласына бет бұруда. Ал информатика, физика саласындағы студенттеріміздің білімдерін жетілдіру үшін нақты фундаменталды қалаларға кетіп жатқан жағдайлары бар. Жалпы, біз педагогтарды даярлап жатырмыз, бірақ барлығы 100% педагогика саласында қалып жатқан жоқ.
– Болашақ мұғалімдердің бос уақыты қалай өтуде және олардың жатақханамен қаншалықты қамтамасыз етілген?
– Қазір университетте 460 орындық жатақхана бар. Ол жақта Қазақстан азаматтары мен қатар Түркіменстан азаматтары қатар орналастырылған. Биыл Түркіменстаннан 700-ден астам студент оқуға қабылданғаны белгілі. Олардың барлығын болмаса да бірқатарын жатақханаға орналастырдық. Айта кететіні, қазіргі таңда бізге тағы 600 орындық жатақхана қажеттігі туындап отыр. Сондықтан Елбасының бес әлеуметтік бастамасына сәйкес аталған мәселені шешуді қолға алып жатырмыз. Дейтұрғанмен бұл жатақхана құрылысы бір жылда бітетін шаруа емес. Сол себептен қаладағы қонақ үйлермен келісім шарт жүргізіп, университетіміздегі шет ел азаматтарын сонда жайғастыруды қолға алудамыз. Атап айтқанда, Март Магнат сауда үйінің иелерімен келісіп, 90 Түркмен азаматтарын сонда жайғастырдық. Біз сырттан келіп оқып жатқан азаматтарға жағдай жасап, қауіпсіздігіне жауап беруіміз қажет. Жасыратыны жоқ, Тараз қаласында пәтер қымбат емес. Осы орайда 4-5 студент бірігіп 2-3 бөлмелі пәтерді жалдап тұрып жатқан жағдайлары да бар.
– Соңғы ақпараттар бойынша аталған мәселені шешу үшін сіздер инвесторлар тауыпсыздар. Олардың алдағы жұмыс барысы қалай болмақ?
– Бұл бағытта мемлекеттің өзінің белгілі бір тәртібі бар. Ол бойынша инвесторлар салған қаржылары 7-8 жыл ішінде толығымен қайтарып ала алуларына мүмкіндіктері мол. Тілге тиек ете кететін жайт, бізде бос ғимарат бар. Бүгінде ол нысан ешқандай өндірістік мақсатта пайдаланып жатқан жоқ. Біріншіден, ол тозып та кетуі мүмкін, екіншіден, эстетикалық түр-әлпеті де бұзылып бара жатыр. Бастысы, ол біздің территориямызда орналасқан. Сондықтан осы ғимаратты неге пайдалануға болмасқа деп Орта Азия университетінің басшылығына хат жолдаған болатынбыз. Ол хатты менің алдымда Дария Пернешқызы да жолдаған екен. Бірақ олардан «Біз сіздерге бірнеше рет жауап бердік, бұл ғимарат сатылмайды» деген жауап алдық.
– Сіз қазіргі таңда жақсы «лейбл» шығардыңыз. Оған не себеп болды?
– Біріншіден, соңғы кездері реблейдинг мәселесіне көп зер салып жүргенмін. Университ атауына ешқандай тұлғаның есімі берілмеген. Негізінен, мемлекеттік педагогикалық университетпіз. Педагог сөзінің түп төркіні не дегенге келетін болсақ, ол әрине – «Ұстаз». Екіншіден, бұл бүкіл түркі әлеміне тән ұғым. «Ұстаз» деген сөздің ар жағында жылылық, дархандық, өмірге жетелейтін адамның жағымды бейнесі тұр. Арабтарда да ұстаз деген сөз бар екен. Соның бәрін зерделей келе, университеттің атауына ешкімге ұқсамайтын ерекше атау бергеніміз дұрыс қой деп ойлап, «Ustaz» деген атау бердік. Студенттеріміз, ұстаздарымыз бен қоғамдағы азаматтар да бұл бастаманы жылы қабылдады. Өз кезегінде мұның орынды атау болғанына көзіміз жетті.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбат ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық қаржыландыруымен «Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру бойынша «Азаматтық бақылау» қоғамдық мониторингін жүргізу» атты жобасы аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ тапсырысымен жүргізілді.
Сұқбаттасқан Исламбек ДАСТАН