Тіпті жұмысқа тағайындалатын мамандарды арнайы тестілеуден өткізіп, ұсыныс арқылы бекітеді. Бұл халыққа рухани көшбасшы болар имамдық қызметтің құндылығын білдіріп тұр. Дана халқымызда «шала молда – дін бұзар» деген мақал бар. Дін мәселесі қылдан жіңішке, қылыштан өткір, шыныдан нәзік дүние. Өйткені, ол адамның сеніміне байланысты. Ал сенімге серкем түссе, ислам деген асыл, таза дінді қаралауға жетеді. Міне, осындай жағдайлар орын алмас үшін халықтың діни сауатты болмағы керек. Бұдан сол елге бағыт-бағдар беретін имамның жан-жақты білімді болу талабы туындайды.
Ендеше, қазіргі уақытта бұл талап қанағаттандырылуда ма? Бұған қатысты Жамбыл облысының дін мамандары жайлы нақты ақпаратты мысалға келтіріп өтейін.
Өңір бойынша 400 дін қызметкері бар. Оның 88-і бас имам, 47-сі наиб имам, 28-і ұстаз, 30 кісі азаншы, 207-сі молда болып табылады. Аталған қызметкерлердің 72% 50 жасқа дейінгі мамандар. Осы 400 адамның 103-і діни жоғары білім алған. Олар шет елдегі және еліміздегі ЖОО-ын тәмәмдаған. Ал жалпы мамандықтармен ЖОО оқығандар саны – 37. Облыста 1 Phd докторы мен 10 магистр бар. Бұл барлық көрсеткіштің 25,8% құрайды.
Орта білімді мамандардың саны – 70, ол 17,5% пайызды құрайды. Ал діни курс оқығандар 227 адам, яғни 56,7%. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда жоғары білімділер 43.6%-ға, ал орта білімділер 21,4%-ға артық. Яғни, дін саласында өсу байқалып тұр. 2019 жылы жоғары білімділер (58 адам) 15%, орта білімділер (55 адам) 14%, діни курс оқығандар саны (284 адам) 71% көрсеткішті көрсеткен болатын.
Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз – қараңғы түн сияқты. Ислам дінінде адамзат баласына қоятын ең басты талап – білім алу, оқу және іздену. Құран Кәрімнің алғашқы аяты да: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!..» («Алақ» сүресі) деп басталатыны баршамызға мәлім.
Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы Исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. «Садақаның ең абзалы – бір мұсылманның білім үйреніп, кейін оны өзге мұсылман бауырына үйреткені» дейді шариғатымызда. (Ибн Мәжаһ)
Биыл 2020 жылы Жамбыл облысына 40 жаңа қызметкер келді. Олардың арасында 10 жоғары білімді, 1 магистр, 14 орта білімді мамандар бар.
Облысымыздағы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде оқыған шәкірттер, білімін тағы жетілдіріп, өз ордасына кадр есебінде қайта оралуда. Мәселен, биыл оқуын тәмәмдаған 14 шәкірттің 3-еуі «Нұр-Мүбәрак» университетіне, 1-еуі «Нұр-Мүбәрак» дайындық курсына түссе, 4 түлек Жамбыл облысына, 1 түлек басқа өңірге, қалған 4 бітіруші өзге салаға қызметке кеткен. Ал біздің өңірден басқа да медреселерге барып білім алған 28 кадрдың 18-і ЖОО орны «Нұр-Мүбәракқа» білімін шыңдау үшін оқуға түссе, 5 түлек өз өңірімізде жұмысқа орналасты.
Жалпы облыс бойынша қызмет жасап жүрген мамандардың ішінде 16 қари бар. Сонымен қатар, «Қордай Құран қарилар дайындау» орталығынан 22 қари бітіріп шықты.
Бүгінгі имамның кескін-келбеті заманауи талаптарға сай болуы керектігі Мүфтият бекіткен құжаттарда да айшықтала жазылғанын білеміз. Бұл мешіт қызметкерінің қызметі бес уақыт намаз оқумен және діни жоралғыларды өткізумен шектелмейтінін көрсетеді. Әсіресе, имамдардың халыққа жақындауы үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихат жүргізуі де маңызды екенін көреміз. Сол себепті де қызмет жасап жүрген мамандарды жыл сайын оқуға жіберу, болашақ мамандарды даярлауға күш жұмсалуда.
Жыл басынан бері 6 дін қызметкері Ислам институтында білімін жетілдірсе, өңірлік білім жетілдіру курстарында 68 қызметкер оқудан өтті. Облыс бойынша 72 діни сауат ашу курстары бар. Олардың 39-ы толық жыл бойы сабақ өтетін курстар болса, қалғандары маусымдық білім беру болып табылады.
Жазушы Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп айтқанындай, қай заманда болмасын ілім алу бірінші орында тұру қажет. Сондықтан бабаларымыз: «Білім инемен құдық қазғандай» деп текке айтпаса керек. Раббымыз бізге: «Раббым! Менің білімімді арттыр!» деп дұға жасауды да үйретті. («Таһа» сүресі, 114). Келесі аятта: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» – деп білім иелерін ардақтайды («Зумар» сүресі, 9).
Дін мамандарының деңгейі мен қатарының артуы бүкіл ел үшін қуаныш. Бұл мамандыққа ең мықты, үздік жастар оқуға түсіп, қызмет жасауы тиіс. Өйткені, жауапкершілік бір ғана адамға емес күллі ұлт үшін жүктеледі. Халқымыз «білім тұрған жерде иман тұрады» дейді. Ал жүрегінде иманы толық әрбір адам отаны үшін қызмет қылып, елдің өркендеуіне үлес қосары сөзсіз. Дін маманы болу – тек шариғи рәсімдерді сауатты орындап қою ғана дегенді білдірмейді. Ол – ұрпаққа ибалы, иманды, ұлттық тәрбиемізді үйретуші, Абай айтқан өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шақпақтар жайлаған қазіргі таңда адамзатты жақсылыққа шақырушы, жақсы өмір сүрудің Алла үйреткен жолын еске салып, рухани дамуға, толық адам болуға жол көрсетуші.
Пайғамбарымыз: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кім білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған сол арқылы Жәннатқа бару жолын жеңілдетеді» (Муслим) деп білім ізденушілерді Жәннатқа жақындатуға сүйіншіледі. Кез келген адамды біліммен сусындандырушы – бір Алла. Біз әрбір намазда, әрбір дұға қабыл болатын сәтте Алла Тағаладан екі дүниеге пайдалы білімді сұрауымыз қажет.
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы