Балаларды әлеуметтік бейімдеуге көңіл бөлінуде
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының мәжіліс залында партиясының 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жұмыспен қамту және тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау» бағыты бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жұмыспен қамту және тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау» бағыты бойынша комиссияның кураторы Бақытжан Сейіткәрімов жүргізді.
— «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды бағдарламасында тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарына айрықша көңіл бөлініп отыр. Бүгінде партияның Сайлауалды бағдарламасы – еліміздегі әлеуметтік әлсіз топтарға мейлінше көмек көрсетіп, Елбасымыз мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсартуға ерекше ықпал етуде. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында да инклюзивті білім беру мәселесі жан-жақты іске асырып келеді. Жақында партияның аймақтық пул спикерлері мен партиялық кадрлық резервтің мүшелері «Тараз-Ғасыр» колледжінде инклюзивті білім беру бағытының маңызы мен мәні туралы ата-аналарға түсіндіру мақсатында кездесу өткізді. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жанынан құрылған аймақтық қоғамдық бақылау тобы Тараз қаласындағы бірнеше оқу орындарын инклюзивті білім беру бойынша зерделеп, қазіргі таңдағы жай-күйімен танысты. Қоғамдық бақылау тобы балабақша, мектеп, арнайы мектеп, жоғары оқу орындарында жалпы орын алған кемшіліктерді айта келе, инклюзивті білім берудің негізгі мәнін ата-аналарға жеткізді. Сондай-ақ, шарада білім беру мекемелерінде ғимараттың сыртында автотұрақтардың сәйкессіздігі, көзі нашар көретін жандар үшін автотұрақпен ғимаратқа дейінгі тактилді жолының жоқтығы, табалдырықтардың биіктігі және нысан ішіндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ақпараттық сілтемелердің жоқтығы айтылды. Жалпы инклюзивті оқытуды ашқан мектептерде оқыған балалар адам құқығы туралы білім алуға мүмкіншілік алады, өйткені олар бір — бірімен қарым — қатынас жасауға, танып білуге, қабылдауға үйренеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың үйде қалмай, олардың қоғаммен байланысы өте маңызды. Себебі, олар үйде оқшау қалғандықтан, олар көбіне өзін басқалармен тең санамайды. Бір жағынан бұл ол балалардың психикасына әсер етеді. Жалпы инклюзивті білім беруді іске асыру мақсатында біздің облыста да бірқатар жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Дегенмен өздеріңіз көріп отырғандай кемшіліктер де жоқ емес, — деді Бақытжан Сейіткәрімов. Бұдан соң күн тәртібіне шығарылған «Инклюзивті білім берудің теориялық және тәжірибелік өзекті мәселелері» туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова хабарлама жасады. Оның сөзіне қарағанда бүгінгі күні аймақта 7750 мүмкіндігі шектеулі бала болса, оның 7208-і оқумен және тәрбиемен қамтылған. 2441 бала мектепке дейінгі мекемелермен қамтылған. Облыс орталығында сөйлеудегі мүкістігі бар екі арнайы балабақшда 680 бала тәрбие алып жатыр екен.
— Сондай-ақ жалпы типтегі мектепке дейінгі он мекемедегі 40 топта тағы 728 бүлдіршін тәрбиеленуде. 40 мектепке дейінгі мекемелерде 1033 бала инклюзивті тәрбие алуда. Ал жалпы білім беретін мектептер мен колледждерде 4767 білім алса, оның ішінде 310 мектепте 1977 бала, инклюзивті білім алуда, олардың 218-і мүгедектігі бар балалар. Өңірдегі төрт түзету-интернаттарында 564 бала білім алып жатса, оның 417-і мүгедектер. Жалпы білім беретін мектептерде 447 бала білім алса, денсаулығына байланысты жеке бағдарламамен 1676 бала үйде оқытылуда, оның 1429-ы мүгедек. Кәсіптік-техникалық колледждерде 103бала білім алуда. Қалай дегенде де ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты түзету үшін бүгінгі таңда облыстың барлық арнайы білім беру мекемелері, мектеп-интернаттары замануи құрылғылармен жабдықталған. Ерекше білім беруге қажеттеліктері бар балаларды қоғамға кіріктіру, оларды әлеуметтік бейімдеу, оңалтуға, жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде, — деді Жәмила Бекбатырова. Сондай-ақ жиында Жуалы ауданы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Ләззат Утеулиева тақырып бойынша атқарып жатқан жұмыстарын тілге тиек етті. Жиынға қатысушылардың пікірлері тыңдалып, ортақ мүдделер тоғысты. «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жұмыспен қамту және тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау» бағыты бойынша комиссия отырысының ұсынымы қабылданды.
TURANINFO.KZ